RSS лента

Жер дауы: шамның жарығы түбіне түспейді...

Автор фото: freepik.com

Жер реформасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты ұстанымдарының бірі, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Дегенмен, әлі де мәселе өзектілігін жойған емес. Осыны ескеріп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары республика Бас Прокуроры Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев және Дүйсенбай Тұрғанов қол қойған сауалда жер саласындағы жемқорлық пен алаяқтық тұрғысынан проблеманы көтерген.

 

Әлбетте, жер реформасының басталуы осы саладағы көп жылдар бойы қордаланған проблемаларға қозғау салғандай болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өз бастамасымен және қадағалауымен бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар мен өзгерістер де енгізілді. Тіпті, бұған дейін «жабулы қазан» күйінде көбесі сөгілмеген салада Президент тапсырмасынан соң тиісті құрылымдар ұйқысынан шошып оянғандай шалт қимылдап, жер саласын цифрландыруға да кірісіп кеткені де қалың бұқараны таңғалдырмай қоймады.

 

Ал, Атырау облысындағы ахуалды сараптап көрсек, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларының ішінде жалпы ауданы 206 гектар алқап мемлекет иелігіне қайтарылыпты. Оның ішінде 185 жер телімі – ауыл шаруашылығы мақсатына алынған екен. Облыстық жер қатынастары басқармасының биылғы ақпандағы мәліметінде осындай ақпар берілген еді. Одан бері де көптеген жұмыс жасалып жатыр. Бұл, әрине, құптарлық іс.

 

Бірақ елде жер саласындағы жемқорлық пен алаяқтық істері өршіп бара жатқаны бесенеден белгілі. Қынжылтарлығы сол, олардың қай-қайсысын алсақ та халықтың жермен байланысты мұң-зары жергілікті прокурордың, ішкі істер органдары қызметінің шикілігі мен әрекетсіздігінен, кейбір жағдайда тікелей араласуымен орын алып отыр. Мәжіліс депутаттары өз сауалында осындай келеңсіздіктерді нақты мысалдармен айқын көрсетіпті.

 

«…Түркістанда Мәншүк Сыздықова атты кәсіпкердің жері мен бизнесіне тиесілі өтемақы қаржыны алаяқтар жалған сенімхатпен иеленіп алған. Ал соттың заңды күшіне енген шешіміне қарамастан, Түркістанның ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғауға асығар емес. Сорақысы, Түркістан қаласы әкімдігінің шенеуніктері алаяқтармен өзара ауыз жаласқан.

 

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында 2009 жылдары шығарылған шешімдер салдарынан «Балуан» СК жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 4985 гектар жерінен заңсыз айырылған 286 жер үлескері кінәлілерді қылмыстық жауапқа тарта алмай, әлек болып жүр. Соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша жасалған жалпы жиналыстың шешімі заңсыз деп танылса-дағы, бұрынғы әкімнің шығарған заңсыз қаулысын бұзуға асықпайды. Ал, сол қаулыны дайындағандар бүгінде билік басында жүр.

 

Жетісу облысында ауылдық округ әкімі жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының көмегімен Үбен Машарбетов ақсақалды алдап, оның сыртынан жалған шарт жасап, 4000 гектар және оның баласына тиесілі 2 гектар жерін алған сенімхаттың нәтижесінде өз атына ресімдеп алған. Онымен тынбай, ақсақалдың атынан ұзақ жыл бойы субсидия алып отырған. Ү.Машарбетовтың арызы бойынша қылмыстық іс 10 рет қозғалып, жоғары шенділердің ықпалымен 11 рет (!) жабылған.

 

Ал, Жамбыл облысының Қордай ауданында «Ноғайбай Казэксим» кәсіпорнының 360-қа жуық жер үлескерлері (2000-ға жуық адам) бір сәтте Мұхтар Әблязовтың алаяқтық іс-әрекеті салдарынан 14059 гектар жерінен айырылған. Облыс прокурорлары мен ішкі істер органдары түсініп, біліп тұрса да, үлескерлердің жерін аукцион арқылы сатылуын бұғаттай алмады. Ең қызығы, М.Әблязовтың алаяқтығымен саудаға салынған екі ауылдың жерін электрондық аукционда 93 жастағы кемпір сатып алған.

 

Осы облыстағы Тұрар Рысқұлов ауданында шаруа қожалығының иесі Игенбековтің 1542 гектарға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерін иелену үшін 2019 жылы жалпы жиналысты қағаз жүзінде ұйымдастырып, ресми түрде 2004 жылы қайтыс болған жер үлескерлерін «тірілтіп», өлгендердің атынан жалпы жиналыс шешіміне қол қойып, жерлерін әкімнің қаулысы бойынша өз атына аударып алған.

 

Ал, Жетісу облысындағы атышулы Кербұлақ ауданының «Бостан» өндірістік кооперативінің үлескерлері өзіне тиесілі 2000 гектар жерінен шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының жауапсыздығы кесірінен айырылған! «Бостанның» жерін алған кәсіпорын оның жер үлескерлерін өз кәсіпорнының қатысушысы етіп енгізбей отыр. Шыдамы таусылған халық Астанаға баруға мәжбүр болуда…»

 

Мәжіліс депутаттары келтірген мұндай дерек-дәйектер шынында да жаға ұстатарлық. Жұрт алдында сүттен ақ, судан таза болып көрінетін азаматтардың мұндай алаяқтық әрекеттері халықтың наразылығын еріксіз туындатары сөзсіз.

 

Айта берсе, тек аталған облыстарда емес, еліміздің әр өңірінде «бизнесмен» ретінде танылған азаматтардың алаяқтық іс-әрекеті жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан тиісті дәрежеде тергелмей жатыр екен. Депутаттар сауалда мұны да анық көрсетіпті. Соның зардабын қарапайым халық шегіп отырғаны тағы да ақиқат.

 

Бір ғажабы, тұрғындар жерсіз қалғанын тек бірнеше жыл өткеннен кейін біледі екен. Сотқа шағым жасаса, талаптың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты соттар халықтың талап-арызын қайтарып жіберетін көрінеді. Алаяқтармен ауыз жаласқан билік пен құқық қорғаушылардан әбден шаршап, ашынған халық амалсыздан жергілікті жерде митингтер ұйымдастырып, көлік жолдарын жабуға мәжбүр болыпты.

 

Тіпті, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы шенеуніктер мен алаяқтарға оңбай алданған «Бостандық» ауылының үлескерлері 10 жыл бойы жерді игермеген шаруа қожалығынан жерді қайтарып алуды талап еткен. Алайда, бірнеше жылдан бері мәселе әлі шешімін таппаған. Әрине, бітімге келмей дау бітпесі хақ. Ақыры, екі тараптың арасы әбден шиеленіскені соншалықты, жер үлескерлері жүріп келе жатқан трактордың астына жатуға дейін барып жатыр.

 

Осылайша, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында күмәнді жолмен жерді иеленіп алған жер иелері мен үлескерлердің арасындағы кикілжіңдер мүлдем ушығып, халыққа қарсы жауынгерлік автоматтан оқ ату, үлескерлерді үйлерінің алдында күзетіп тұрып ұстап, оларды ұрып-соғу, өлтіру туралы қорқыту әрекеттері жасалған.

 

Мұндай шектен шығу әрекеттері халық арасында түрлі дүрдараздық, тіпті одан да қиын ахуалға душар ететінін жақсы түсінген Мәжіліс депутаттары 20-қыркүйек күнгі депутаттық сауалында Парламент мүшелері Берік Ноғайұлы мен Ержан Сапарбекұлына нақты ұсыныстар жасады: «…біріншіден, аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстарын бастауды; екіншіден, көптеген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жер үлескерлерінің саны көбейсе де, азайса да, кәсіпорынның жарғылық қапиталы өзгермеген. Бұл, әрине, заңға кайшы құбылыс болып табылады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жарғылық капиталын қайта бағалаудан өткізуді және бұны дереу қолға алуды міндеттеу керек…»

 

Дұрысында, шамның жарығы түбіне түспейтіні тәрізді, көптеген мәселеде ақиқаттың айтылмай жүргені рас. Депутаттардың жоғарыдағы жанайқайы да осыған байланысты.

Оставить комментарий
Последние новости