«2002 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы есірткіні бақылау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2015 жылғы 9 желтоқсандағы қосымша хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» хаттамада АҚШ-тың ҚР Ішкі істер министрлігі желісі бойынша жобаларды қаржыландыруды 2,3 миллион долларға дейін жеткізу туралы айтылған.
Атап айтқанда, ақшалай қаражат полицияны реформалау бағдарламасын ілгерілету, оның ішінде сервистік полицияны енгізу, полиция академиялары үшін оқу бағдарламаларын әзірлеу және басқа да бағыттар үшін бөлінеді. Сондай-ақ, қаражат республикада «Интернет желісінде жасалатын қылмыстарды тергеу бойынша әлеуетті» дамыту және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар саласындағы қылмыстық істерді анықтауда, тергеуде құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыру, сондай-ақ қылмыстық сот төрелігі саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер үшін оқыту іс-шараларын жүргізу үшін көзделген.
Қолданыстағы қосымша хаттамада америкалық қаржыландыру сомасы 593 мың долларды құрайды. Осылайша, қаржыландыру төрт есе өсуі мүмкін. Қазақстанның атынан құжатқа еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қол қояды деп күтілуде.