Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашады. ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді. Оның айтуынша, бұл мектептердегі білім беру процесінде Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Мектептегі білім беру үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамытуға бағытталған.
Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленуде. Платформа оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім беру жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі.
Сондай-ақ, Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жоба аясында барлық мектепте интернет желісіне кемінде 100 Мбит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, медиатека, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған.
Оқушыларды еңбекке баулу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ІТ, ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.
«Жайлы мектеп» жобасының басты міндеттерінің бірі – жаңа технологиялар мен әдістерді тиімді қолдана алатын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету. Мұнда педагогтердің кәсіби даму үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Осы мақсатта мұғалімдерге арналған жаңа педагогикалық тәсілдер, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдарды меңгеруге бағытталған бағдарлама әзірленді. Бүгінде 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы уақытта басым бағыттар бойынша барлық педагог оқытумен қамтылатын болады. Бұл елімізде кәсіби құзыреттіліктерді дамытудың бірыңғай стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заман талабына сай, заманауи ойлайтын, қажетті білім мен қабілетке ие жас мұғалімдерді тарту үшін мектептердің басшылығы мен жетекші педагогикалық жоғары оқу орындары арасында арнайы ынтымақтастық орнатылуда. Яғни, бұл мектептерге арнайы дайындалған мұғалімдер келеді.
Министрдің пайымдауынша, бұл ұлттық жоба – білім беру жүйесінде тың әрі ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы іске асырудың нәтижесі. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елімізде соңғы алты жылда 1 млн-нан аса оқушыға арналған 1000-нан аса мектеп салынды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Атаулы жаңа жобамен салынып жатқан мектептер – осы ауқымды стратегиялық бастаманың маңызды бөлігі.
Бұл – жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында салынатын білім беру ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атау ұсынылды.