RSS лента

Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты

  • 20.02.2024, 15:07,
  • 218
  • 0
  • Автор:
Автор фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына Президенттік жастар кадр резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды, деп хабарлайды Turantimes.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жиын алдында Президентке «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, Citix компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі, сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» ақпараттық жүйесі туралы мәлімет берілді.


Мемлекет басшысы жуырда аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеді. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды.


Президент мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы сезілетінін айтты. 


"Еліміздегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек. Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне назар де аударды. 


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесіне баса назар аударды.


Сондай-ақ форумда «Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company» институционалдық серіктестер департаментінің директоры Жанар Нұржанова, «Wand synthesis Al» машиналық оқыту жүйесін әзірлеуші Әлібек Сайланбаев, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновацияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев сөз сөйледі.





Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости