RSS лента

Макс Боқайдың аузын енді ешкім жаба алмай ма?

  • 13.02.2024, 11:48,
  • 314
  • 0
  • Автор:
Автор фото: бейнежазбадан скриншот

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында белсенді Макс Боқайдың апелляциялық шағымын қарау бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

“Әкімшілік қадағалау бойынша заңнаманы бұзу” бабымен жасалған апелляциялық шағым қанағаттандырылды. Өйткені оның құқық бұзушылық әрекетке барғаны расталмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Істі судья Анар Айтжанова қарады. Макс өзінің шағымында 15 қаңтарда шығарылған учаскелік инспектордың қаулысының күшін жоюды және оны заңсыз деп тануды сұрады.

 

Учаскелік инспектор М.Боқайды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 480-бабының 1-бөлігі (Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын немесе өзiне қатысты сот белгілеген шектеулерді орындамауы) бойынша кінәлі деп тану және ескерту түрінде жаза қолдануға қаулы етті. Осы қаулымен Боқай үзілді-кесілді келіспеді. Ол оны заңсыз деп санады.

 

1 ақпанда Боқай судья Айтжановаға қарсылық білдірді, өйткені ол 14 қаңтарда оған қатысты істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы (Сот шешімін орындамау) бойынша қарады. Содан кейін Боқайға 18 460 (5 АЕК) айыппұл салынды.

 

22 қаңтарда №2 Атырау қалалық сотының судьясы Зауре Қазақбай Макс Боқайға әкімшілік қадағалау мерзімін тағы алты айға ұзарту туралы шешім шығарды. Алдыңғы әкімшілік қадағалау мерзімі наурыз айында аяқталуы керек еді. Сот шешімімен келіспеген Боқай апелляциялық шағым берді.

 

Сот шешіміне сәйкес, М.Боқайға қаладан кетуге, кешкі оннан таңғы алтыға дейін көшеде жүруге, қоғамдық-саяси мәселелерді талқылауға, қоғамдық орындарда өз пікірін білдіруге тыйым салынды. Мұндай шешім 13 қаңтардағы хаттамаларға және 15 қаңтардағы полиция қаулысына сәйкес шығарылды.

 

Еске салайық, 13 қаңтарда М.Боқайдың үйіне пробация және полиция қызметкерлері келіп, оны "сот шешімін орындамады" және "әкімшілік қадағалау ережелерін бұзды" деп айыптады. Полиция өткен жылы М.Боқайдың "Политон клубы" YouTube арнасына берген сұхбатында, сондай-ақ Facebook-тегі жеке парақшасында 31 қаңтарды саяси тұтқындар күні деп жариялау ұсынысы үшін оған әкімшілік хаттама жасады. Макс Боқайдың шағымы қанағаттандырылды.

 

Макс Боқай – 2016 жылы Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы стихиялық митингіге қатысып, бес жылға жуық түрмеде отырған белсенді. Ол 2021 жылы босатылған еді.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости