«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдату үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылданды. 1 шілдеден бастап полиция арыз күтпей, құқық бұзушылық анықталған кезден іс қозғайды. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Ол үшін куәгерлердің, көршілердің жауаптары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркеуіш жазбалары жеткілікті болады. Біз нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу арқылы жұмысты күшейтуіміз керек. Ұлттық комиссия басымдықтарды анықтауға бағытталған бірнеше бастамалар мен жобаларды ұсынды», - деді ұлттық комиссия төрағасы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
1 шілдеден бастап тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейгеннен кейін 4 ай ішінде жауапқа тартылғандар саны артқан.
Егер осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен. Биыл 60 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 75 мың ескерту жасалды. Құқық бұзушылардың мінез-құлқын түзету үшін сот арқылы 12 мың ерекше талап қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айдың қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20%, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 4,2%, ауыр қылмыстар 12% төмендеді.