Ведомство төрағасы Дархан Жазықбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процестерін цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Биыл 1 наурыздан бастап бес мемлекеттік органда жаңа іріктеу жүйесі жұмыс істеуде. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Е-қызмет» жүйесімен интеграциялау мемлекеттік қызметке орналасу үшін қажетті құжаттарды жинау процесін автоматтандыруға мүмкіндік берді. Енді үміткердің соттылығының немесе өзге де құқық бұзушылықтардың бар-жоғын, біліктілік талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ қатысушы туралы өзге де қажетті ақпаратты тексеруді жүйенің өзі автоматты түрде жүргізеді.
Жаңа жүйеде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін мемлекеттік қызметке кіруге қолданыстағы тыйымдары бар адамдарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік бермейтін функция пысықталды. Осы мақсатта «Е-қызмет» жүйесі Бас прокуратура жанындағы ҚСжАЕК базасымен интеграцияланды. Яғни, «E-қызмет» жүйесі негізінде мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін конкурсқа қатысуға тыйым салынған адамдарды жібермейтін «қара тізім» құрылды.
Сонымен қатар жүйе адами фактордың әсерін толығымен жоюға мүмкіндік береді, себебі әрбір мемлекеттік лауазымға үміткерге оның толық иесізденуін қамтамасыз ететін арнайы сәйкестендіру нөмірлері беріледі.
Бұған қоса, іріктеу кезеңдерінің ашықтығы мен әділдігі үшін прокторинг технологиясы қолданылады, ал зерделеуге арналған материалдар прокторларға иесіздендірілген және кездейсоқ түрде түседі.
Бүгінгі таңда жаңа іріктеу жүйесі бойынша конкурстарға 650 жуық үміткер қатысып, олардың 88-і жеңімпаз деп танылды.