Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мұндағы басымдықтардың бірі – мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында 4 заң қабылданып, бірқатар заңға тәуелді актілер дайындалғанын айтады. Енді мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Оның ойынша, мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Бұл ниет қалаулары мен ұстанымдық қағидаттарын өзгерту талабын тудырады.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады», деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-жетілгенін айтқан болатын.
– Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінен өзге, олардың қоғамдағы болмысы мен тұлғасына қатысты саналы жаңғыруға бағытталған бірде-бір құжат жоқ, - дейді жоғарыда аталған агенттік төрағасы. – Сондықтан еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына ықпал ететін, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын жүйелейтін арнайы Доктрина жобасын дайындауды қолға алдық. Онда мемлекеттік қызметшілердің қоғамның сұранысына жауап бере алатын мақсатты дағдылары, құндылықтық ұстанымдары топтастырылды. Бұл құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруді көздейді.
Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіруге қатысты әлемдік тәжірибені зерделегенде баршаға ортақ, әмбебап, үздік тәжірибе немесе қандай да бір үлгілі стандарттың жоқ екенін көреміз. Мәселен, белгілі бір елде тиімділігін көрсететін жүйе басқа елде тиімді болмауы мүмкін. Халықаралық тәжірибеден аңғаратынымыз – мемлекеттік қызметтің біртұтас және тиімді жүйесін құру әр елдің тарихи, мәдени, ұлттық және басқа да өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілетіні. Сондықтан отандық мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру өзге елдердің тәжірибесіне арқа сүйеп қана қоймай, еліміздің дәстүрлі-мәдени, әлеуметтік-тарихи факторларын, ұлттық құндылықтарын ескере отырып жүзеге асырылуы қажет.
Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі – тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойына жинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек.
Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Рухани мәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді. Мұнда зұлымдық пен әділетсіздікке жол бергізбейтін ішкі бақылаушы – ар-ұжданның орны ерекше. Ардан аттамау – адамшылық бастауы. Ізгі қоғам туралы ұзақ ізденген данышпан ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ар-ұжданға жүгінген қоғамда заңдарға жүгінуге қажеттілік азаяды дегенге саятын тағылымды ой қалдырған. Бұл заңдарға жүгінуге жеткізбей, әр адамның ар-ұжданы деңгейінде көптеген сұрақтың шешімі бар екенін айтып отыр.
Алдымен адам ішкі ар-ұждан заңдарын жетекшілікке алу керек. Сонда әркім өмір сүруге қажетті, жазылған сыртқы заңдарды бұзудан қорыққандықтан емес, адамшылық парызы үшін түзелу жолында болады. Бұл ой – бүгінгі саналы жаңғырудың да негізіне айналуға тұрарлық идея. Яғни ар-ұждан бақылауын күшейту – қазіргі қоғамдағы әр адамның тұлғалық болмысын жетілдіру бойынша саналы жаңғыруының басты шарты болуы керек.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта-жігерін, ең бастысы – ниет тазалығын талап етеді. Ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет ететін мемлекеттік қызметші нағыз азамат және Отанды сүюдің үлгісі болуға лайық. Ол саналы адам ретінде өз-өзіне «мен өз өмірімді, өзім өмір сүріп отырған қоғамды, мемлекетті жақсарту жолында не істедім?» деген сұрақ қояды. Мемлекеттік қызметшіге тұлғалық болмысын жетілдіру үшін өз-өзіне есеп беру және өзін-өзі тану мәдениетін дамыту маңызды. Бұл жауапкершілікті арттыруға негіз болып, жақсы жаққа өзгеруіне жол ашады. Есеп алу айна тәрізді өзіне сырт көзбен қарап көруге мүмкіндік тудырып, қателіктермен жұмыс істеуге ынталандырады. Мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби білімімен пайда келтірумен ғана шектелмей, сонымен қатар адамшылық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек.
Мемлекеттік қызметшілердің бойынан Абай бейнелеген «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» көрініс табуы қажет. Бұл қасиеттер мемлекеттік қызметшінің кәсіби және тұлғалық дамуына айтарлықтай ықпал ете алады. Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп осы үш қасиеттің адам бойынан көрініс табуын толысудың, кемел болудың басты шарты ретінде қараған. Ақыл мен қайрат жүрекке бағынуы керек деген байламға келген. Өйткені барлық мейірім, жанашырлық атаулы жүректен шығады. Ойшыл «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің шектеулісің» дейді. Өз басының қара қамын ғана ойламай, әрдайым елдік мұратты биік қоя білу, елге адал қызмет ету – адам бойындағы адамшылықтың бір көрінісі. Хакім отыз жетінші қара сөзінде тағы да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген. Абай ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстауды «толық адамға» тән сипат ретінде қараған. Осы орайда, Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деген пікірі біздің қоғам үшін аса маңызды. Абай айтқан, «толық адам» мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіруде негізгі бағдар болуы қажет.
Әрбір мемлекеттік қызметшінің халыққа сапалы қызмет етуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, формализмге, имитацияға және қызметтің декларативтілігі элементтеріне жол бермеуінен көрінеді. Саналы жаңғыру жолындағы маңызды қадамның бірі – халыққа адал ниетпен қызмет етуге деген ынта-жігерді арттыру. Бұған қоса ұлттық мүддені басым қою, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адал болу – бұлар мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізетін ұстанымдар. Осылар мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысынан көрініс тапқанда мемлекеттік аппараттың жаңаша сипатта дамуына серпін береді.
Мемлекеттік сана – мемлекетшіл болу, ұлттық мүдделердің мәнін түсіну. Президент айтқандай, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Мемлекеттік сана деңгейіне көтерілген адам үшін, мемлекет пен елдік мүдделер – қашанда алдыңғы орында. Бұл – тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, жерді сақтау, табиғи ресурстарды, мәдени мұраны қорғау сынды іргелі құндылықтарды қабылдап, олармен біртұтас болуды білдіреді. Мемлекетшіл, мемлекеттік сана деңгейінде ойлайтын тұлғалар халық алдындағы жауапкершілікті сезінеді, ұлттық мүдделерге сәйкес ойлайды және әрекет етеді, елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жейді. Елдің қамын ойлау – нағыз мемлекетшіл тұлғаға тән басты сипат.
Халқымыздың тарихында елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, елге қызмет етудің тамаша үлгісіне айналған тұлғалар аз емес. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Мәселен, көрнекті Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп өзінің жеке басынан ұлттық мүддені биік қойып, елдің қамы үшін еңбек етіп, шын мәніндегі мемлекетшіл тұлғаға айналған.
Мемлекеттік қызметшілер Отанға қызмет ету мәдениетін дәйекті түрде игеріп, жүзеге асыруы қажет. Елге қызмет ету әркімнің өзіне жүктелген міндетті шынайы және адал орындауынан көрінеді. Мемлекеттік сана деңгейіне көтерілу, ұлттық мүдделерді сақтау үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр. Шәкәрім айтқандай, халыққа еңбек қылу – адамдық борышың.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» дегенде осы адамдық борыштың өлшемі жайлы айтып отыр емес пе?
Мемлекеттік қызметшінің саналы жаңғыруына қажет басты ұстанымның бірі – әділдік. Әділдік – бұл адамға бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесіндегі басымдық беріліп отырған негізгі қағида. Орта ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасында мемлекетті басқаруға қажет төрт қағиданы негіздеген. Соның ең басына әділетті қойған. Одан кейін дәулет, ақыл-парасат және қанағат.
Әділдікті күнге теңеген. Бұл салыстырудың мәні: аспан жарығы барлығына бірдей, біркелкі, ешкімді алаламай нұрын төгетіні сияқты әділдік те күн тәрізді барлығына ортақ игілік. Әділдіктің мәні – баршаға тең мүмкіндік қалыптастыру. Хакім Абай әділетті – барша ізгіліктің анасына теңеп, ынсап пен ұяттың әділеттен шығатынын айтқан. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса оның ұяты да жоқ» деп, әділдікті ар-ұяттың өлшемі ретінде қараған.
Қазақ даласындағы әділдіктің символы – билер институты. Билердің әділдігі туралы әңгімелер, мақал-мәтелдер, олардың мемлекеттік ауқымдағы және күнделікті мәселелер бойынша шешім қабылдаудағы даналығы жайында тарихтан көптеген мысал келтіруге болады. Олардың әділдігіне қатысты «Қара қылды қақ жарған» сөз тіркесі қалыптасқан. Бұл әділ шешім шығарудың аса күрделілігі мен нәзіктігін, би төрелігін жүзеге асырудағы ерекшелікті білдіреді. Бабаларымыздан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтел қалған. Әділ би жоғары шындықтан басқа ешкімге артықшылық бермейді.
Әділдік қағидатын сақтау моральдық-адамгершілік таңдаумен, шындықты таба білумен, объективті қорытынды жасай алумен байланысты. Күнделікті өмірде әр адам іс-әрекет жасамас бұрын ойланып, өзі қалағандай ғана емес, сонымен бірге өзін басқаның орнына қоя білуі керек.
Әділеттілік өмірде ешкімге де бөле-жара артықшылық бермейтін баршаға ортақ заңдылық күшіне ие тәртіпке сай әрекет етуден, өзіңізге басқалар қалай қарым-қатынас жасағанын қалағаныңыздай, басқа адамдармен солай қарым-қатынас жасаудан, басқа адамға жеке пайда табу құралы ретінде қарамаудан, жеке мүдделерге қайшы болса да, әділ шешімге кедергі жасамаудан көрініс табады. Әділетті қоғам құрудың негізгі факторларының бірі – мемлекетте заңдар мен құқықтың үстемдігін орнату.
Мемлекеттік қызметшінің саналы жаңғыруындағы басты ұстанымның бірі – ашықтық. Ашықтық – канцеляризмге, бюрократияға, сөзбұйдаға жол бермеу, кемшіліктер, олқылықтар орын алған жағдайда шынайы болу. Ашықтық халық пен мемлекеттік аппараттың арасындағы байланысты нығайтып, ауызбіршілікке жол ашады. Жұртшылық талабымен санасуды, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде олардың пікірін ескеруді талап етеді. Ашықтықтан күтілетін нәтиже – қоғам тарапынан сенімге ие болу. Азаматтардың еркіндігі мен демократиялық ұстанымдар құрметтелетін қоғамда әртүрлі көзқарастар білдіруге тыйым салынбайды. Сондықтан пікір алуандылығына ашық, шешім қабылдауда әділ болу басты ұстанымға айналуы қажет.
Мемлекеттік қызметші өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында азаматтардың қажеттіліктерін танып, олардың үніне құлақ асуы керек. Қабылданатын шешімнің заңдылық, объективтілік ережелеріне және мемлекет мүдделеріне сәйкес келуін ескерген жөн.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ашықтық қағидатымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы «Біз адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағиданы айқын ұстанамыз. Біздің қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын үлкен үмітпен қабылдады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер әрбір азаматтың үмітін ақтауға және тілектерін ескеруге барынша күш салуға тиіс» деген сөзінде осы ашықтыққа үндейді.
Мемлекеттік қызметші үшін саналы жаңғырудағы тағы бір іргелі қағидат – мемлекеттік қызметке кіру кезінде беретін антқа адалдық. Ант ету – адамның жауапкершілікті ар-ұжданымен қабылдап алатын рухани-адамгершілік санаттағы салтанатты шара. Ол адамның ар-ұждан бақылауын іске қосып, өз міндетін саналы түрде түсінуді және айтылған сөздері мен жасайтын әрекеттері үшін моральдық жауапкершілікті қабылдауды білдіреді.
Адамзат тарихында антты бұзу, анттан аттау әрқашан айыпталып, мұндай әрекет адамның ар-намысы мен беделіне ойсырата зиян келтіріп отырған. Антты бұзу ел алдында айыпталумен қатар, сенім мен құрметтен жұрдай етеді. Антты қастерлеу, оған ерекше мән беру – халқымыздың болмысына тән қасиет. Халқымызда ант сөзіне қатысты «серт беру», «уәде», «серттесу» ұғымдары бар. Қазақ даласының салт-дәстүрлерін зерттеуші ғалымдар елімізде тағдырлы шешімдер қабылданғанда уағдаластықтарды сөз беру, уәделесу арқылы бекітетін ерекше дәстүрдің болғанын алға тартады. Бұл біздің қашанда антына адал халық болғанымызды білдіреді.
Антқа, берілген уәдеге адалдықты сақтай білу – өнегелі адамға, шын ерге тән қасиет. Анттан аттап кеткен адамдарға жұртшылықтың көңілі суып, олар жағымсыз кейіпке ұшырап отырған. Абайдың тілімен айтқанда «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын», яғни сөзінде тұра алмайтын, уәделерін орындай алмайтын адам өз ар-ұжданын, жанын, адамдық қадір-қасиетін түкке тұрғысыз күйге түсіреді. Бұл оның адамдық мәнінің жоғалуына әкеледі.
Антқа адалдық «адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемлекеттік қызметшілердің негізгі әдеп қағидаларының бірі – адалдық ұғымына етене жақын түсінік. Адалдық жария түрде айтылатын құндылықтық көзқарастардың іс жүзінде, шын мәнінде, жүзеге асырылуын білдіреді. Адал адам – бұл арлы адам.
Ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. Хакім Абай «Пайда ойлама, ар ойла» деп адам үшін ар-ұжданның бәрінен қымбат, бәрінен биік екенін айтып өткен. Ойшылдың осы сөзін әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруға тиіс. Әр қызметші өз бойында жасаған іс-әрекеті үшін жауапты болуды жоғары мәдениет ретінде орнықтыруы керек.
Мемлекеттік қызметші жоғарыда айтылғандарды ескеріп, саналы өзгеріске бет бұрса, оның тұлғалық болмысының да уақыт талабына сай жаңа сипатта жаңғырары анық.
Түйіндей келе айтарым, саналы өзгеріс үшін біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Ол – мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесе бақылаудан қорыққандықтан емес, өзінің ішкі ерік-жігерімен, ниет қалауымен орындалуы. Сонда ғана саналы өзгеріс іс жүзінде орын алмақ. Ал саналы өзгеріс – мемлекеттік қызметті сапалы жаңғыртудың негізі болмақ. Ең бастысы, бұл біздің жұмыс тәсіліміздің түбегейлі өзгеруіне жол ашады.