2022 жылдың маусым айынан бастап ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистерден құралған коммисиямен бірлесіп заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс атқарды. Кездесулер барысында комиссия мүшелерімен ортаға бірнеше ұсыныс айтылды. Дегенмен, жаңа жылда нормативтік-құқықтық актілер ашық порталында заң жобасының атауы өзгертілген болып шықты. Комиссияға мүшелік еткен журналистердің ұсыныстары ескерілмей қалған.
Ведомствоаралық комиссияның қорытындысынан кейін жариялаған жобада журналистерге қысым болып табылатын баспасөз картасын алу мәселесі, журналистік сұрау салу мерзімін қысқарту, төтенше жағдайларда журналист тек мемлекеттік органдармен тікелей байланыста, әрі материалды цензурадан өткізіп барып жария ету мәселесі көтерілді. Алайда, бұл сұрақ тудырған нормалардың бір бөлігі ғана. Заң жобасында көптеген қайшылықтар бар.
Бұған наразы журналистерге Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Искаков Канат Жумабаевич жауап берді. Төрағаның айтуынша, бүгінде заң жобасы емес, тек тұжырымдама қабылданған. Алдағы уақытта жоба бойынша жұмыс жалғасын табады.
Қоғамды құлақтандыратын ақпарат саласының өкілдері аталған заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бәсекеге қабілетті медиа-кеңістік құру туралы идеясының беделін түсіреді деп атап өтті. Жарты жылдан астам уақыт жүргізілген жұмыстан кейін ешбір ұсыныс ескерілмегендіктен Президент атына хат дайындағанын, әрі жақын арада соңғы шара ретінде заң аясында рұқсат етілген митиңге шығуға дайын екендерін ескертті. Десе де, министрлікпен кездесіп, ашық талқылау өткізуге әлі де үміт барын да жасырмады. Бұдан еш нәтиже шықпаса, халықаралық ұйымдарға өтініш жасауға, Мәжіліс депутаттарымен тікелей байланысқа шығуға тура келетінін атап өтті.