Биыл 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру Арнайы мемлекеттік қор қаражаты, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылады.
Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынып жатыр.
Қосымша химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылады. Соңғы үш жылда 4320 пәндік кабинет сатып алынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1300 мектепті, оның ішінде ауылдық жерлердегі 900 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте жұмыстар аяқталды, ал 2026 жылы тағы 98 мектепте реновация жұмыстары жалғасып келеді.
Реновациядан өткізуде мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы соңғы үш жылда 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілді.

