Құжат 7 негізгі бөлімнен тұрады. Оның айтуынша, Кодекстің басты мақсаты – адамның цифрлық ортада қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалану кезінде қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау. Негізгі қағидаттардың қатарында цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі, цифрлық этика және жасанды интеллект технологияларын қолдану кезіндегі әлеуметтік жауапкершілік атап өтілді.
Екатерина Смышляева цифрлық салада мемлекеттің тепе-тең қатысу қағидатына жеке тоқталып, мемлекеттік функциялар мен қызметтер мәселесінде мемлекеттің жетекші рөлін сақтайтынын, ал нарықтық сегменттерде даму бизнес пен отандық стартаптардың еншісінде қалуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ депутат Цифрлық кодекс цифрлық деректерді дамыту және еркін айналымы мәселелерін қамтитынын, оларды нарықтық және инновациялық шешімдердің өсу тетіктерінің бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.
Деректермен жұмыс істеу құқықтарына қатысты депутат Кодексте «ұмытылу құқығының» кешенді баламасы қарастырылғанын хабарлады. Бұл – жеке деректерді жою, жасыру және өңдеуді шектеу құқығы. Техникалық тұрғыда тағы екі маңызды тетік енгізілген: азаматтың цифрлық кеңістігі және цифрлық оқиғалар. Цифрлық оқиғалар адамның цифрлық ортадағы барлық әрекетін тіркеуді көздейді. Ал, азаматтың цифрлық кеңістігі бұрынғы қағаз папканың электрондық баламасы болып, пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Сондай-ақ, Цифрлық кодекске сәйкес, Қазақстанда биометриялық ақпаратты қорғаудың ерекше режимі енгізіледі. Биометриялық деректер – жеке деректердің бір түрі. Сондықтан келісім алудың барлық рәсімі сақталуға тиіс. Егер заң деңгейінде биометриялық деректерді міндетті түрде пайдалану көзделмесе, онда оларды қолдану қатаң түрде адамның келісімімен ғана жүзеге асырылуы қажет. Спикердің айтуынша, биометриялық деректерді пайдалану заң деңгейінде белгіленген жағдайларда мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру жүйелерін қолдану қажет болады. Мұндай жағдайда мемлекет аталған деректер мен рәсімдерді қорғау функциясын өз мойнына алады. Ал қалған барлық жағдайда биометриялық деректерді пайдалану ерікті түрде жүзеге асырылады.
«Сондай-ақ алғаш рет заң деңгейінде мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық шешімдер мен сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндет бекітілді. Бұл мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық шешімдер бейімделіп, олардың барлық азаматтармен тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беріледі деген сөз. Біз цифрлық ортаның барша адам үшін қолжетімді болуына үміттенеміз», – деді депутат.
Бұдан бөлек, Цифрлық кодекс аясында Қазақстанда ақпараттандырудан басқарудың архитектуралық моделіне көшу жоспарланып отыр. Бұл модель туралы ОКҚалаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун кеңірек айтып берді. Оның айтуынша, негізгі логика – мемлекетті цифрлық платформа ретінде құру. Басты мақсат – географиялық орналасуына және тәулік уақытына қарамастан әрбір азамат пен бизнеске мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы, жылдам және қауіпсіз түрде қолжетімді ету.
Сондай-ақ цифрлық үкіметтің цифрлық объектілерінің жаңа өмірлік циклі енгізілуде. Бұған дейін мемлекеттік органдарда ақпараттық жүйелерді құру кезінде олардың көлемі мен күрделілігіне қарамастан бәріне бірдей талаптар қойылса, енді мемлекеттік жүйелерді тезірек әзірлеу қажет, алайда ақпараттық қауіпсіздік пен архитектураға қойылатын талаптар сақталуға тиіс.

