Turan Times редакциясының Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған сұрауына жауап ретінде ведомство жайылымдардың деградациясымен күресу және жерді ұтымды пайдалану үшін қабылданып жатқан шараларды баяндады. Ресми жауапта қолданыстағы құралдар аталды: геоботаникалық зерттеулер, деградацияның электрондық карталары, жайылымды пайдаланудың үлгілік ережелері, цифрлық платформалар және жоспарланып отырған реформалар.
Жауапқа сәйкес, Қазақстанда жайылымдарға геоботаникалық зерттеулер 10–15 жылда бір рет жүргізіледі. Бұл тәжірибе жердің жай-күйін ұзақ мерзімді динамикада бағалауға мүмкіндік береді. Алайда жайылымдардың деградациясы климаттық факторлардың, шамадан тыс мал жаюдың және жер жыртудың әсерінен жыл сайын жүріп отырады. Бұл жағдай жедел бақылау мен уақтылы әрекет ету тетіктерін қажет етеді.
Аумағы жағынан Қазақстанмен салыстыруға болатын бірқатар елдерде көпдеңгейлі тәсіл қолданылады. Мысалы, Австралия мен АҚШ-та геоботаникалық зерттеулер тұрақты спутниктік мониторингпен ұштастырылады, ал далалық тексерулер, әсіресе, жүктемесі жоғары аймақтарда жиі жүргізіледі. Бұл өзгерістерді тек салдарынан кейін емес, ерте кезеңдерінде-ақ анықтауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабында келтірілген деректердің бірі ерекше назар аударарлық. Бюджеттік бағдарлама аясында 53 млн гектардан астам аумақта жер деградациясының электрондық карталары жасалуда. Мұндай қамту елдегі жайылым ресурстарының жалпы жағдайын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді. Алайда жауапта бұл аумақтардың қай бөлігі қалпына келтіру бағдарламаларына, жайылымды уақытша шектеуге немесе шаруашылық айналымынан шығаруға тартылғаны нақты көрсетілмеген.
Халықаралық тәжірибеде картографиялау, әдетте, тек есепке алу құралы ретінде ғана емес, басқарушылық шешімдердің негізі ретінде де пайдаланылады. Мысалы, Еуропалық одақ елдерінде деградацияның цифрлық карталары фермерлерді қолдау шараларымен және тәуекел аймақтарындағы жерді пайдалануға қойылатын шектеулермен тікелей байланысты.
Ведомство жауабында қозғалған тағы бір маңызды мәселе — экономикалық ынталандыру тетіктері. Топырақты қалпына келтіру үшін фермерлерге берілетін өтемақылар туралы тікелей сұраққа министрлік экожүйелік қызметтер үшін төлемдер немесе өзге де қаржылық ынталандыру түрлері қолданыстағы заңнамада қарастырылмағанын хабарлады. Осылайша, жерді қалпына келтіру шаралары негізінен ерікті сипатта жүзеге асырылады.
Салыстыру үшін айта кетсек, АҚШ пен бірқатар Еуропалық одақ елдерінде жайылымдарға түсетін жүктемені азайтатын немесе топырақты қалпына келтіруге инвестиция салатын жер пайдаланушыларға арналған субсидиялар мен өтемақы тетіктері қолданылады. Бұл құралдар деградация тәуекелдерін басқару жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.
Министрліктің мәліметінше, құқықбұзушылықтарды бақылау да жүргізілуде. Соңғы екі жылда 1,3 мың гектар аумақта жайылым жерлерін жырту фактілері бойынша 10 әкімшілік іс қозғалған. Анықталған барлық заңбұзушылықтар жойылғаны атап өтілді.
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінің жауабы табиғи ресурстарды басқарудың жалпы көрінісін толықтырады. Ведомство соңғы жылдары жерасты су ресурстарының толығуы айтарлықтай біркелкі емес екенін көрсетеді. Ел аумағында 4,8 мыңнан астам кен орны, дербес учаскелер мен су алу нысандары бар, олардың бекітілген пайдалану қоры тәулігіне 43,2 мың м³-ті құрайды. Министрлік деректерін талдау жерасты суларының табиғи толығу деңгейі мен су жинау аймақтарының қамтамасыз етілуі өңірлер бойынша едәуір айырмашылыққа ие екенін көрсетеді. Бұл жағдай су қорларын бөлуге және оларды сумен жабдықтау жүйесіне тарту деңгейіне әсер етеді.
Жауаптың тағы бір маңызды бөлігі инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты.
Бұл ретте су шығындары 47 пайызға дейін жетеді, ал оларды тек 2028 жылға қарай 35 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін су көзінен тұтынушыға жеткенге дейін ресурстың жартысына жуығы жоғалуда.
2025 жылы заңсыз су алу фактілері бойынша 331 әкімшілік жаза қолданылып, жалпы сомасы 67,3 млн теңге айыппұл салынған. Жауапқа сәйкес, су бір жағынан заңсыз алынғанымен, екінші жағынан тозған желілер арқылы заңды түрде де жоғалып жатыр.
Жер мәселесіндегідей, басты үміт болашаққа артылып отыр. Министрлік спутниктерді, датчиктерді және жасанды интеллектіні қолданатын цифрлық платформаны әзірлеп жатқанын хабарлады. Жүйені толық іске қосу және ауқымын кеңейту 2027 жылға жоспарланған.
Екі министрліктің де жауаптарында мониторингке, деректер жинауға, цифрлық платформалар мен бақылау құралдарына ерекше назар аударылған. Бұл шаралар жер және су ресурстарының жай-күйі туралы объективті әрі өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Алайда мониторинг — басқару жүйесінің тек бастапқы кезеңі ғана. Халықаралық тәжірибеде ол, әдетте, нақты шаралармен, экономикалық ынталандыру тетіктерімен, аумақтық шектеулермен, қалпына келтіру бағдарламаларымен және көрсеткіштер нашарлаған жағдайда іске қосылатын жауапкершілік механизмдерімен толықтырылады.
Ұсынылған жауаптарда негізгі назар қазіргі есепке алу мен болашақта іске қосылуы жоспарланған цифрлық шешімдерге аударылған. Ал қазірдің өзінде жиналған деректер негізінде қандай нақты практикалық әрекеттер қабылданатыны ашық күйінде қалып отыр және, шамасы, қосымша нақтылауды қажет етеді.

