Оқуын университетте жалғастырып, жоғарғы білімді маман атанғысы келетін барлық талапкерлер үшін сын сағаты таяп келеді. ҰБТ-2026 сынағының басталуына небәрі 2 айдай уақыт қалды.
Дәл осы кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі салада түбегейлі реформа дайындап жатыр. ҰБТ орнына шетелдік үлгідегі SAT келуге тиіс. Әзірге сұрақ көп, жауап шамалы.
Реформа бастамашысы – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғарғы оқу орындарына талапкерлерді іріктеу үшін өзге бір тест енгізгісі келетінін жариялады. Оның байламынша, ескі ҰБТ "қажеттілігі жойылғанша" уақытша қала береді.
Ол көңілдері қобалжыған ата-аналарды жұбатуға тырысты. Жаңа тестілеуді әзірлеуге және толыққанды көшуге кем дегенде 2 жылдай уақыт кетеді. Тиісінше, өзгерістер таяу жылдары мектеп бітіретіндерге қатысты болмайды, тек олардан жастау оқушылар ілігеді. Осы мақсатта "үлкен бесжылдық жоспарды" жазып жатқанын мәлім етті.
Министрдің бұл бастамасы қоғамда өткір сын тудырды. Әлеужеліде пікір білдірген қазақстандықтар мұның үлкен қауіпке соқтыруы мүмкін екенін, елден "мидың сыртқа ағып кетуіне" серпін беретінін ескертті.
Ұстаздар жаңа жүйе әсіресе, мұғалімі тапшы, беретін білім деңгейі төмен ауыл мектептерін бітірген оқушыларға қиын тиеді деп алаңдайды. Тіпті жаңа жүйе ауылдықтардың өзіміздің жергілікті ЖОО-ға түсуіне тосқауыл қоятын ең үлкен кедергіге айналып кетуі мүмкін.
Себебі, ауыл балалары ағылшынша судай ағып тұрған жоқ, таспадан тыңдаған жат тілдегі әңгімені сол тілде қайта айтып беруге көбісінің қауқары жетпесі даусыз. Қазірдің өзінде тіпті қалалық балалар SAT тапсыру үшін ұзақ курстан өтуге, не репетитор жалдауға мәжбүр.
Khan Academy орталығының негізін қалаушы Сал Ханның түсіндіруінше, SAT бірінші кезекте талапкердің университетке түсуіне әзірлігін бағалауға бағытталған. Сондықтан қабылдау комиссиясының алдынан өтуді қарастырады. Әр бала беделді, білікті маманнан рекомендация әкелуі керек. Ауыл баласы оны қайдан алады?
2004 жылы ҰБТ-ны енгізгенде, шенеуніктер кеңес заманынан қалған, емтихан қабылдаушы комиссияларға құрылған жүйенің сыбайлас жемқорлыққа және әділетсіздікке белшеден батқанын алға тартты: комиссия мүшелерінің пара дәмететіні, аузын майлағанның ғана жолын ашып, өзгесін құлататыны, университеттегі орынды беделдінің, бай-бағыланның баласына бірінші ұсынатыны дәйекке келтірілді.
Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеудің адалдығы, әділдігі айтылды: барлық бала бірдей тапсырады, "шпаргалка" не дұрыс жауапты табуға көмектесетін айла-тәсіл мен заманауи технологияларды қолдануға, басқа адамның тапсыруына жол бермейді. Әр бала білімі мен ақылына қарай жауап табады.
Сарапшының мәліметінше, SAT емтихандары 2 бөлімнен тұрады: оқуға және жазбаша жұмыстарға – 64 минут, математикаға – 70 минут бөлінеді. Талапкер тестілеудегі дұрыс жауапты түртумен шектелмей, кейбір тапсырмаға толыққанды, егжей-тегжей жауап беруге тиіс. Осының бәріне қарап, қабылдау комиссиясы кешенді баға береді.
Эксперт 2020 жылдан бері америкалық көптеген ЖОО-лар мен колледждердің өзі SAT-тан бас тартқанын қаперге салды. Оның орнына test-optional форматына ауысты. Яғни, талапкерден тест тапсыру талап етілмейді. Бірақ оны өз бетінше тапсырып, сертификатын әкелсе, ондағы нәтижесін университет назарға алады.
Бірақ бірінші орынға – баланың қандай да бір салада жетістікке жетуі, халықаралық сайыстарда жүлделі орындарды алуы, жеке қабілеті мен қасиеттері, дарыны қойылады.
Бүгінде test-optional форматына көшкен америкалық жоғарғы оқу орындарының саны 1 900-ден асты, 2 мыңға жуықтады. Негізінен, "Шырмауық лигасына" (Лига плюща) жататын барлық университеттер, сондай-ақ Техас университеті, Джорджия университеті ғана міндетті түрде SAT тапсыруды талап етуді сақтады. Америкадағы test-free және test-optional университеттердің тізімін мына жерден білуге болады.
Ендеше жоғарғы білім министрлігі АҚШ-тың өзі бас тарта бастаған, ескіліктің нышанына айналып кетуі ықтимал тетікті Қазақстанда енгізгелі жатқан жоқ па?
Кәсіпке бейімдеуші маман (профориентолог) Анастасия Алияcова SAT форматы Қазақстан үшін қалыпты еместігін жеткізді. Бірақ оны қолдайды.
Оның пікірінше, ҰБТ-дан бас тартып, америкалық SAT жүйесіне көшу – біздің мектеп бітірушілерге халықаралық білім кеңістігіне жеңілірек кірігуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, SAT форматы даталар мен деректерді құр жаттаудан кетіп, берілген ақпаратты талдауға, алған білімін нақты қолдануға итермелейді. Бұл нұсқаулықты орындауға ғана бейімделмеген, өз бетінше ойлай, жасай білетін мамандарды даярлау үшін маңызды көрінеді.
Теорияда солай, тәжірибеде ше? Емтихан комиссиялары пара бермеген, не жақпаған баланың өз бетінше жасаған талдауын, берген жан-жақты жауабын жақтырмай, құлата салмас па? Белгісіз.
Дегенмен, ол бір жайтты ескермеді. ҰБТ-ны жойып, Қазақстанды америкалық SAT сияқты форматқа Ғылым және жоғары білім министрлігі көшіреді. Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің бастамасы емес. Ендеше бұл науқаннан орта білім жүйесі тыс қалуы ықтимал.
Салдарынан университетке түсуі үшін мектеп бітірушілердің ата-аналарына репетитор жалдауға, баласын жаңа жүйеге дайындауға қыруар қаржы шығындауға тура келеді. Өйткені мектептер балаларды жаңа форматқа дайындамайды.
Бюджет тарихта теңдессіз тапшылыққа тап болған заманда орта білім беру жүйесіндегі 600 мыңға жуық педагогті қайта оқытуға, жаппай біліктілігін арттыруға Үкіметтің қаржы табуы неғайбыл. Сондай-ақ, педагогтерді ЖОО-ларда жаңаша даярлау үшін отандық университеттердің оқу бағдарламаларын да қайта қарауға тура келеді.
Бұл тұрғыда әлеужеліде ойын білдірген қазақстандықтардың пікірінше, жоғары білім министрлігі отбасыларды қалпымен шығынға батырып, SAT-қа дайындайтын бизнес субъектілерін ұланғайыр табыс пен байлыққа кенелткелі тұрғандай.

