ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысы барысында Қазақстанның туристік саласы жыл сайын дамып, өз әлеуетін арттырып келе жатқанын баяндады. Мәселен, 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 млн адамды, шетелдік келушілер – 15,3 млн-ды құраған. Бүгінде 87 ел үшін визасыз режим қарастырылған, 107 шет мемлекеттің азаматтары визаны электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндігі бар.
Өз кезегінде ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство тарапынан туристер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, олардың біздің елге кіру және болу рәсімдері жеңілдетілген. Бүгінгі таңда шетелдіктер тіркелу үшін полицияға барудан босатылды, қабылдаушы тарап бұл рәсімдеуді онлайн жүзеге асыра алады. Шетелдік қонақтар үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қажетті және пайдалы ақпаратты қамтитын арнайы мобильді сайт құрылды.
Өңірлерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шет тілдерін меңгерген туристік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Туристік орындарда бейнебақылау жүйесі орнатылған, жеке тасымалдаумен айналысатын адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, транзиттік көлік жүргізушілеріне көмек көрсетіледі.
Премьер-министр Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бұл тәжірибені кеңінен тарату қажет.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, туризм және спорт министрлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ұлттық туристік порталдың, eQonaq көші-қон сервисінің, такси қызметтерінің және туристерге арналған басқа да пайдалы ресурстардың функционалын кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырды.
Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктеріне туристердің қауіпсіздік шараларын күшейтіп, шетел азаматтары үшін көптілді жедел желіні енгізу мәселесін пысықтауы қажет. Барлық туристік локациялар көптілді ақпаратпен қамтылу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Туризм министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, бір ай мерзімде шетелдік туристердің Қазақстанда жайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.