500 шақырым қашықтықты қамтитын марафонға 15 жуық ел қатысады деп күтілуде. Ресей, Қырғызстан, Түркия, Иран, Мажарстан және тағы басқа елдерден спортшылар келеді. Бұл шара тек спорттық тұрғыдан ғана емес, еліміздің мәдениеті мен тарихын насихаттау мақсатында да үлкен маңызға ие.
«Ұлы дала жорығы» марафонының ұзақтығы – бес күн, ал жалпы қашықтық 500 км қамтиды. Жарыс Алматы – Өскемен тас жолындағы Бақанас көпірінен басталады. Марафон барысында қатысушылар Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының бірнеше ауылдарын кесіп өтеді. Марафон Қонаев қаласының «Қарлығаш» шағын ауданында аяқталады.
Марафон аясында ұйымдастырылатын маңызды шаралардың бірі – асыл тұқымды жылқылар көрмесі. Бұл көрмеде ұлттық жылқы тұқымдары, олардың ерекшеліктері мен тарихы таныстырылады. Ұлттық қолөнер көрмесі де марафонның ажырамас бөлігіне айналады. Қазақ халқының бай қолөнер мұраларын көрсету мақсатында ұйымдастырылатын бұл көрмеде шеберлер өз жұмыстарын ұсынып, келушілерге ұлттық өнерді таныстырады.
Туристер үшін арнайы қалашықтар мен фотозоналар да ұйымдастырылады. Шетелден келген қонақтарға еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы қызықты әрі көрнекті ақпарат ұсынылады.
«Ұлы дала жорығы» марафоны еліміздің спорттық имиджін көтеріп қана қоймай, туризм саласына да жаңа серпін береді. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген қонақтар мен қатысушылар бұл шараға қатыса отырып, Қазақстанның бай мәдени мұрасын тамашалай алады.