Бүгінгі таңда елімізде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске асырылуда, оның ішінде Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып шағын жинақталған ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту», Алматы облысында «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру», Маңғыстау облысында «Отпан» тірек мектептерінің желісін дамыту», Ұлытау облысында «Ustaz Ulytau» сияқты өңірлік бастамалар қамтылған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінен білгеніміздей, жобаны іске асырудың бірінші кезеңінің нәтижесінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды, сондай-ақ, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету шешілді. Жобаға қатысушылар цифрлық құзыреттілікті арттыру және кәсіби дамытуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндіктеріне қарай, оқытудың 4 моделі әзірленді.
Бүгінде Қазақстанда 8 мың мектеп бар, оның 67%-ы ауыл мектептері, 51%-ы шағын жинақты мектептер. Шағын жинақты мектептердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі.