Ерлер арасындағы жекелей сында бақ сынаған отандасымыз 2 бағдарлама қорытындысы бойынша 264.46 ұпай еншілеп, тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.
Бұл – 19 жастағы спортшымыздың спорттық карьерасындағы ең ірі жетістіктерінің бірі. Гран-При жарысында бас жүлдені Франция спортшысы Адам Сяо Хим Фа жеңіп алса, жапониялық спортшы Шома Уно күміс жүлдегер атанды. Турнирде 12 елдің 57 спортшысы бақ сынаған.
«Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортында жеңіспен өрілген тамаша дәстүр бар. Соны Михаил Шайдоров Қытайдағы турнирде сәтті жалғай білді. Кезінде Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева да осындай халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, жанкүйерлерді жеңістерімен қуантқан еді. Енді бұл қатарға Михаил Шайдоров та қосылып отыр. Михаилді және оның командасын Гран-При турниріндегі қола жүлдесімен шын жүректен құттықтаймын. Жерлесіміз мұнымен тоқтап қалмай, әлем чемпионаты мен Олимпиадада мәнерлеп сырғанау жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантады деп сенемін», - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
2010 жылдан бері мәнерлеп сырғанаумен айналысып келе жатқан Михаил әр жылдары жасөспірімдер арасындағы Мәскеудегі Рустер кубогі мен Ыстамбұлдағы Босфор кубогі және Гданьскідегі Гран-при сайысында күміс, Болгарияда ұйымдастырылған «Sofia Trophy» турнирінде қола жүлде иеленді. Ал былтыр Эстонияның бас шаһары – Таллинде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген еді. Сондай-ақ Михаил Шайдоров үш мәрте ел чемпионатында топ жарған.