Жобаның басты мақсаттары туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Fridom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов айтып берді. Спикердің сөзінше, ол жобаны қолдағанына қуанышты және оны бүкіл ел үшін өте маңызды деп санайды. Өйткені, бұл футболды жақсы көретін балаларға кәсіби футболға жол тарту үшін үміт пен нақты мүмкіндік береді.
«Бірінші маусымның қорытындысы бойынша 9 жас спортшы футбол клубтарымен келісімшартқа отырды. Олардың көпшілігі ұлттық құрама базасында тұрып, кәсіби футбол клубтарының стандарттарына сәйкес жаттығып, бірегей тәжірибе жинақтады», - деді серіктес ұйымының басшысы.
Тимур Турлов белгілі бір әлеуметтік лифтілерді, соның ішінде кәсіби футболда құру - маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол жоба аясында іріктеу, жарыстар және барлық кезеңдері барынша адал және ашық болатынына сендірді.
«Финалға балалар тек спорттық жетістіктерінің арқасында шығады, басқаша шығуы мүмкін емес. Егер олар өздерін көрсете алса, мотивациясын, шеберлігін жеткізе алса, олардың жобаға еніп, дамуына, содан кейін футбол клубына кіруіне мүмкіндік туады. Балалар бәрінің де мүмкін екенін түсінуі керек», - деді спикер.
Бұл ретте, жобаның ұйымдастырушылары мен демеушілері үшін ең үлкен марапат - ондаған, жүздеген мың баланың футболмен шұғылдануға деген сүйіспеншілігін ояту болмақ.
Спикердің айтуынша, өткен жылы жобаның бірінші маусымы сәтті өтті. Биылғы маусым да үш кезеңде өтеді.
«Біз 14 қаланы қамтимыз, әсіресе, финалға өткен балаларды даярлауға аса кәсіби тұрғыдан қараймыз. Финалистерді 8 апта бойы дайындаймыз. Соңғы кезеңінде олар аса өршіл жігіттердің басқа командасымен финалдық футбол матчына қатысады», - деді Қазақстан құрамасының кезіндегі атақты футболшысы.
Бас менеджер биыл қатысушылар көп болады деп санайды, бұл қазірдің өзінде сезілуде. Давид Лория жобаға 16-24 жас аралығындағы балалар қатысатынын атап өтті. Бірақ ұйымдастырушыларға 13-15 жастағы балалар да өтініш білдіріп жатады.
«Биыл бас бапкеріміз ауысты, өйткені бұрын осы лауазымды атқарған атақты қазақстандық футболшы Самат Смақов «Елім-ай» командасының жаттықтырушылар штабын басқаратын болды. Бас бапкер – Тараз футболының тәрбиеленушісі, Қазақстандағы жалғыз олимпиада чемпионы, тәжірибелі маман Евгений Яровенко. Сондай-ақ, командаға өзінің спорттық мансабын ойыншы ретінде аяқтаған ҚР құрамасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев қосылады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа сынақтарға дайын мамандар тобы жиналды», - деп түйіндеді жобаның бас менеджері.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спорт журналисі, жобаның креативті директоры Айдын Қожахмет кастингтің 4 мамыр күні Ақтау қаласында басталатынын хабарлады. Әр қалада кастинг бір күнге жалғасады. 30 мамырда Семей қаласында аяқталады.
«Реалити-шоу деп айтқанымызға сәйкес болсын деп реалити форматына жақынырақ жасаймыз. Бұл жоба тек футболшылар мен спорт сүйер қауым үшін ғана емес, бүкіл халыққа қызықты болсын деп ойлап отырмыз. Сондықтан талай атқаратын шаруаларымыз, өте көп идеяларымыз бар», - деді А. Қожахмет.
Оның айтуынша, осы кастинг кезеңінде де ойыншыларды міндетті түрде 8 скаут бақылайды, олардың көзінен ешқандай талантты ойыншы тыс қалмайды.
Ал, «Qazsport» телеарнасының басшысы Нағи Бақытбек санаулы күндерден соң басталатын «SUPER BOL» жобасының көрермендерге жол тартатыны туралы айтып берді.
«SUPER BOL» жобасы бұрын соңды елімізде, жалпы Қазақстаның футбол тарихында, оның ішінде телевизия саласында да болмаған ең ірі, ең ауқымды жобалардың бірі, деді ол. Жобаға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсалып жатқан жоқ. «Qazsport» телеарнасы жобаны жастарға, көрермендерге ұсынумен айналысады. 9 бағдарлама мен 40 күнделіктен тұрған былтырғы бірінші маусым «Qazsport» телеарнасының эфирінен көрсетілген.
«Былтыр шілде айында бастаған болсақ, биыл ұйымдастырушылар кастингтің ерте басталуына байланысты эфирді маусым айынан бастауды жөн көріп отыр. Сондықтан дәл қазіргі кесте бойынша 2-маусым күні эфирге бірінші бағдарламасын шығару жоспарланып отыр», – деді телеарна басшысы.
«Qazsport» телеарнасы ұйымдастырушылармен бірлесе отырып, ойынның түсірілімдерін эфирге дайындайды. Телеарна техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жолдастық кездесу матчтарынан еуропалық деңгейдегі турнирлер және ұлттық құрама өткізетін ойындардағы тәрізді сапалы түрде 12-14 камералы трансляция жасайды.
Журналистің ойыншылардың қалай іріктелетіні туралы сауалына жауап берген телеарна басшысы ұйымдастырушылар таңнан кешке дейін әр қаладағы орталық стадиондарда сол жерге тіркелген ойыншыларды жинайтынын айтты. Футболдан хабардар 8 бапкер алаңды төртке бөліп, сол жерде жеке-жеке жұмыс істейді, 2-3 сағат сайын бір-бірінің ойыншыларын ауыстырып отырады. Нәтижесінде, кешке дейін барлық бапкер бүкіл ойыншыны көріп шығады, одан кейін ортақ жиналыс өткізіп, ойларын бір жүйеге салып, соның ішінен қатысушыларды іріктейді. Барлығы 100% қадағаланады, сондықтан талантты футболшылар қалып кетпейді деген ойдамыз, деп түйіндеді телеарна басшысы.