Zakon.kz сайты аталған мақаланың толық нұсқасын жариялады:
Қазақстан мен Ресей – одақтас және стратегиялық әріптес мемлекеттер. Тарихтың өзі біздің мәңгілік достығымызды, барлық саладағы ауқымды ынтымақтастығымызды және гуманитарлық саладағы тығыз өзара іс-қимылымызды айқындап берді.
Біздің халықтар ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, қуаныш пен сынақтарды бірге өткерді, Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін бірге қалыптастырды. Бізді дәстүрлі құндылықтарды бірдей қабылдау, қазіргі өмірдің өзекті мәселелеріне ұқсас көзқарас және бауырлас халықтардың игілігі жолындағы бірлескен жұмыс біріктіреді.
Осы мызғымас негіздің арқасында біз халықтарымыздың тарихына, мәдениетіне және дәстүріне өзара құрмет таныта отырып, көпқырлы ынтымақтастық жолымен сенімді түрде ілгерілеп келеміз.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Ресеймен достық қатынастарды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Елдің алғашқы сыртқы саясат тұжырымдамасында, сондай-ақ кейінгі осындай құжаттарда да Ресей бағыты айнымас басымдық ретінде белгіленген.
1992 жылы Мәңгілік достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы алғашқы шартқа қол қойылды. Бұл құжат мемлекетаралық қатынастардың берік іргетасын қалап, халықтарымыздың саналы таңдауын айқындайтын символға айналды.
Содан бері әлемде де, посткеңестік кеңістікте де көп нәрсе өзгерді, алайда сол келісім мәтінінде тұжырымдалған негізгі қағида өзектілігін жоғалтқан жоқ: мәңгілік достық – жай ғана көркем сөз тіркесі емес, ол – қазіргі және келешек уақыттың күрделі, көпқырлы шындығын біздің халықтарымыздың философиялық және саяси тұрғыдан қабылдауының дәл көрінісі.
Қазақстан мен Ресей сапалы әрі мазмұнды стратегиялық әріптестік пен одақтастық орната алды. Мұндай ынтымақтастықтың негізінде – осы тұрақсыз, болжауы қиын заманда халықтарымыздың бірге болуға деген саналы ұмтылысы жатыр. Басқаша айтқанда, мәңгілік достық – біздің мемлекеттер мен халықтарымыз үшін жолбасшы жұлдыз.
Екі елдің қатынастарының ерекшелігі – олардың кемелдігі мен тұрақтылығы. Өйткені бұл байланыстар терең сенімге, өзара құрмет пен теңдікке негізделген. Халықтарымыздың болашағы үшін ортақ жауапкершілік екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі барлық мәселелерге шешім табуға мүмкіндік береді.
Менің түсінігімде, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы – Еуразия қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың аса маңызды факторы.
Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастар жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтерілді.
Екіжақты ынтымақтастықтың барлық жетістіктері Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің белсенді және жемісті қызметімен тығыз байланысты. Қазақстанда ол әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері ретінде құрметке ие, ал оның есімі саясаткерлер мен қарапайым халық арасында көптеген елдерде жиі айтылып жүр.
Өткен жылдың қараша айында Ресей Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар саяси және практикалық маңызы жағынан тарихи оқиға болды. Астанада біздің серіктестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашқан көлемді құжаттар топтамасына қол қойылды. Ең маңыздысы – санкциялық қысым мен халықаралық шиеленістерге қарамастан, екі ел ынтымақтастықтың тұрақтылығын және серпінді дамуын сақтап қала алды.
Алдағы Мәскеуге мемлекеттік сапарым қарсаңында Владимир Путинмен өтетін келіссөздердің айрықша маңыздылығын атап өткім келеді.
Соңғы бірнеше айда мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар басшыларымен мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Олардың көпшілігі геосаяси спектрдің қарама-қарсы полюстерінде орналасқанына қарамастан, барлығы да Ресейдің және оның басшысының халықаралық қатынастардың түйінді мәселелерін шешудегі айрықша рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлем қайшылықтарын Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес.
Қазақстан мен Ресей шын мәнінде үлгі боларлық мемлекетаралық қатынастар орнатты. Үш онжылдықтан астам уақыт бойы біз екі халықтың игілігі үшін көпқырлы ынтымақтастығымызды табандылықпен дамытып келеміз. Сондықтан Владимир Путинмен өтетін алдағы келіссөздер бұл қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтыру тұрғысынан ерекше мәнге ие.
Мәскеуге жасалатын сапарымның кең күн тәртібіндегі негізгі тармақтардың бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қою болмақ. Бұл құжат, сөзсіз, екіжақты байланыстардың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымаққа дайын екенімізді айқындайды.
Ресей Федерациясы – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Ал өз кезегінде Қазақстан – Ресейдің негізгі бес сауда әріптесінің қатарында.
Біздің тауар айналымымыз тұрақты өсіп, бүгінде 30 миллиард АҚШ долларына жақындап қалды.
Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына қаржы құю көлемі бойынша жетекші орындардың бірін алады. Бұл Қазақстанның жоғары инвестициялық тартымдылығын, іскерлік байланыстардың беріктігін және екі мемлекет арасындағы өзара сенімді айқын көрсетеді.
Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізін жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. "Сибур", "Газпром", "Лукойл", "ЕвроХим" сияқты ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералдық тыңайтқыштар және өзге де жоғары технологиялық өнім өндіретін зауыттар салынуда. "Татнефть" компаниясымен автомобиль шиналарын шығару жолға қойылса, "КАМАЗ"-бен жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер өндірісі дамып келеді.
Жалпы алғанда, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес — өзара тиімді әріптестіктің нақты нәтижесі. Соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылуда, озық технологиялар трансфері жүзеге асуда, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыс нығаюда.
Біздің ынтымақтастықтағы ерекше орын энергетика саласына тиесілі. Бірлескен күш-жігердің арқасында Ресей энергия ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзиті қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар ірі энергетикалық нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы жүргізілуде.
Осы бағыттағы басты жоба – "Росатом" жетекшілік ететін халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу болмақ. АЭС құрылысы елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын өндіруге дейінгі толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жоба технологиялар трансферіне, мамандар даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және машина жасау мен аспап жасау сияқты байланысты салаларды дамытуға жаңа серпін береді.
Стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету деп есептеймін.
Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді – оның бесеуі теміржол, сегізі автомобиль жолы. Бұл бағыттар Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді.
Қазақстан мен Ресейдің аумақтық көлемі мен географиялық орналасуын ескере отырып, транзиттік бағыттар мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту Еуразияның көлік байланысын нығайту үшін аса маңызды. Осы мақсатта екі ел "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомобиль дәлізінің өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Қазақстан–Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Біз бірлесе отырып, "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің шығыс тармағының мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салып жатырмыз. Бұл бағытта жүк тасымалы көлемі айтарлықтай өсуде. Аталған үдерісте Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытының рөлі ерекше. Осы стратегиялық артерияның өткізу қабілетін алдағы бес жылда жылына 20 миллион тоннаға дейін арттыруды көздейтін жол картасына қол қойылды.
Аталған бағыттар біздің ынтымақтастығымызда маңызды орын алады. Алайда Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимыл ауқымы бұлармен шектелмейді — ол барлық мүмкін салаларды қамтиды. Екі ел үкіметтері алдына серіктестіктің алдыңғы қатарлы бағыты ретінде жоғары технологиялық жаңа салаларды дамыту міндеті қойылған. Дәл осы салалар болашақ экономикасының келбетін айқындайтын болады.
Астана мен Мәскеу арасындағы қатынастар бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші әсер етеді
Қазақстан мен Ресей үшін биылғы жыл маңызды мерейтойлық оқиғалармен ерекшеленді. Солардың ең маңыздыларының бірі – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – біздің халықтарымыз үшін ең елеулі тарихи белестердің бірі.
Белгілі болғандай, соғыс жылдарында әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды, олардың шамамен жартысы ұрыс даласында қаза тапты. Ал елде қалған миллиондаған азаматтар – қариялар мен балалар да – тылда аянбай еңбек етті.
Жеңіс мерейтойына орай Астанада ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған әскери парад өтті, ал бүкіл Қазақстан бойынша әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктеріне арналған жүздеген еске алу шаралары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар мен Қазақстан, Ресей және өзге де елдердің ерікті-іздеушілеріне шын жүректен алғыс айтқым келеді. Олар қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру үшін үлкен еңбектеніп келеді.
Біздің елдерімізді біріктіретін тағы бір маңызды тарихи белес – Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдық мерейтойы. Бұл кешен әлемдік ғарыш саласының бесігі әрі адамзат ақыл-ойының ұлылығын паш ететін символ ретінде әділ бағаланады.
Ондаған жылдар бойы Байқоңыр екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігінің берік діңгегі болып, ғылыми-техникалық прогрестің және болашаққа ұмтылыстың айғағына айналды.
Сондай-ақ біз 2005 жылғы 18 қаңтарда қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы Мемлекеттік шекара туралы шарттың 20 жылдығына зор мән береміз. Бұл құжат екі елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара мойындаудың мызғымас құқықтық негізі саналады. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны толық сеніммен "достық белдеуі" деп атауға болады.
Әрине, екі ел арасындағы "горизонталды" байланыстардың дамуына Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумының жыл сайын өтуі айтарлықтай үлес қосуда. Екі онжылдықтан астам уақыт ішінде бұл форум екіжақты қатынастарды нығайтуға арналған тиімді алаң ретінде өз орнын тапты. Биылғы форум Орал қаласында өтеді.
2024–2028 жылдарға арналған өңіраралық ынтымақтастық бағдарламасы қабылданғаны да маңызды қадам болды. Бұл бағдарлама саяси уағдаластықтарды нақты мазмұнмен толықтырып, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара тауар айналымын арттыру міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, гуманитарлық байланыстар да ерекше назарға лайық. Олар біздің халықтарымызды біріктіретін тірі жіптей рухани арқау іспетті.
Екі ел арасындағы берік достықтың тағы бір айғағы – биыл Астанада ашылған "Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық аллеясы". Ал жақын арада Мәскеуде "Қазақстан–Ресей достығы саябағы" пайдалануға берілмек.
Мұражайлар, кітапханалар, театрлар, көркем галереялар мен кинематограф саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Бірқатар бірлескен жастар, ғылыми және спорттық форумдарды өткізу жоспарлануда.
Ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылға айрықша мән берілуде. Себебі жоғары технологиялық жобаларды білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Дәл осы білім саласы жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде, білім басты капиталға айналған кезеңде, болашақтың зияткерлік іргетасын қалыптастырады.
Бүгінде Қазақстанда Ресейдің тоғыз жетекші жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары білім беру әріптестігі жаңа деңгейге көтерілді: Астанада МГИМО филиалы ашылды, ал Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – Ресей аумағындағы шетелдік жоғары оқу орнының алғашқы өкілдігі. Мұның мәні тек кадр даярлау мен академиялық байланыстарды нығайтуда ғана емес, сонымен қатар шын сенім мен стратегиялық жақындасудың берік көпірін орнатуда. Сонымен бірге Алматыда Ресейдің "Сириус" мектебінің филиалын салу туралы маңызды шешім қабылданды.
Мен әрдайым тілдік алуандылықты – біздің бірегей артықшылығымыз деп есептеймін. Қазақстанда ондаған мәдениет өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп, бірін-бірі байытып келеді. Ел ішінде орыс тіліне ерекше құрмет пен қолдау көрсетіледі, ол қоғамның әлеуметтік-саяси, ғылыми-білім беру және рухани өмірінің ажырамас бөлігі саналады.
Орыс тіліне қолдау көрсету біз үшін халықтар арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын кең ауқымды гуманитарлық өзара іс-қимылдың бір бөлігі. Сол себепті мен Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасын ұсындым.
Менің ойымша, Қазақстан жастары бірнеше тілді меңгеруі тиіс – қазақ, орыс, сондай-ақ ағылшын, қытай және басқа да тілдерді. Бұл – жаһандық әлемде табысқа жетудің маңызды шарты.
Қорытындылай келе, мен тағы да атап өткім келеді: Астана мен Мәскеу арасындағы қатынастар Еуразия кеңістігіндегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші әсер етіп отыр.
Біздің ынтымақтастығымыз жанды әрі серпінді сипатқа ие, ол уақыт сынына төтеп беріп қана қоймай, жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне икемді түрде жауап беруге қабілетті.
Әлем жаңа бағдарларды іздеп жатқан шақта, Еуразияға сенімді тірек қажет – саяси конъюнктураға тәуелді емес, ортақ мағына мен бір тағдырға негізделген одақтастық.
Қазақстан мен Ресей халықтары болашаққа ұмтылып, сонымен қатар тарихи және рухани тамырларына адалдық танытып келеді. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың Еуразия құрлығы үшін өркендеудің, қауіпсіздіктің және ынтымақтастықтың берік тірегіне айналатынына сенім ұялатады.

