RSS лента

Бәрі баладан басталады...

  • 10.04.2023, 02:51,
  • 366
  • 0
  • Автор:
Автор фото: turkystan.kz

Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Журналист Аяпберген Салиховтың пікірінше, келешегіміздің қожасы –балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Бүгінгі таңда адам капиталын дамыту – өте маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр. Егер адам капиталын дамытатын болсақ, онда ұлтымыздың сапасы бұрынғыдан да артып, қоғамымыздың ілгерілейтіні сөзсіз дерек. Әсіресе, болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Әрбір-ден соң, бұл бағдарламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені анық.

 

Президент ел көңілінен шыққан тың бағдарлама туралы өткен жылғы «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтты. Оның бұл бастамасы әділетті қоғамның орнауы ұлт байлығын тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден басталады дейтін ойымен толық үйлесіп тұр. Ендеше, аталған бағдарлама жөнінде кеңінен сөз қозғамас бұрын Жолдаудан үзінді келтіргеніміз жөн болар.

 

«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, іске қосуды тапсырамын»,- деген болатын.

 

Осынау жаңалыққа қанығып, қуанып қалған ел-жұртты алдымен әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтырды. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Президенттің бастамасымен балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады.

 

Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша, олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады екен. Егерде шынында да бұл бағдарлама елімізде жүзеге асатын болса, құптарлық қадам екеніне дау тудыра қоймас. Мысалы, араб елдерінде немесе европалықтар мұнайдан немесе басқа да қазба байлықтардан түскен пайданы ұлттық қорға жинақтай береді екен. Расында да бізге де неге сөйтпеске?! Қазір Үкіметіміз Президентіміздің осы тапсырмасына сәйкес, жоғарыда аталған бағдарламаны жүзеге асыруды бастап та кетті. Олардың айтуынша, Ұлттық қордан бөлінген қаражат бақылауға алынбақ. Яғни, өскелең ұрпақ үшін жинақталып жатқан бұл қаржы егер трансферт ретінде бюджет тапшылығын жоюға тартылса, оның нақты мақсатты, заңды және тиімді пайдаланылуы жіті назарда болады. Бұл шараны қаражаттың жұмсалуын бақылау және мониторинг жөніндегі комиссия жүзеге асырады.

 

Экономист-қаржыгер сарапшылардың сөзіне сенсек, болашақта Ұлттың қордың табысы өсіп, артып жатса, балаларға төленетін қаржының көбейетіні сөзсіз дейді. Сөзіміздің қорытындысында айтарымыз, егер адам капиталын дамыту бағытындағы бұл бастамалар жүзеге асып жатса, онда еліміздің өркениетті елдер сияқты дамуына жол ашылары сөзсіз. Жалпы, қоғамның орнықты дамуына арқау болатын әділет екені анық. Аталған Жолдау жүктеп отырған міндет кез келген қазақстандықтардың ұстанымымен үндесіп отырғаны айтпасақ да түсінікті. Бұл, әлбетте, ел табысының шарапатын әр шаңырақтың сезінуінен байқалады. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ел болашағына деген үмітімізді арттырып, сенімімізді нығайта түсетін қадам болады деп ойлаймыз.

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости