Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік аппараттың инвестициялар тарту және жаңа жобалар портфелін қалыптастыру тәсілдері қайта қаралды. Атап айтқанда, инвесторларды нысаналы түрде тартуды күшейтуді, сондай-ақ алдын ала әзірленген және келісілген пакет түрінде «инвестицияға тапсырыс» қалыптастыруды көздейтін проактивті модельге көшу жүзеге асырылуда.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгені құрағанын баяндады. Биыл 31,5 трлн теңге деңгейінде негізгі капиталға инвестициялар бойынша нысаналы бағдар белгіленді, ал тікелей шетелдік инвестициялар ағыны – $25,5 млрд. 1,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 16 трлн теңгеге 475 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жүзеге асыру сатысында жалпыұлттық пулдың құны 74,5 трлн теңге болатын 1 047 жобасы тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,49 трлн теңгеге 273 жоба іске қосылды. Ал жалпы алғанда, Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес инвестициялар көлемін 3 есе ұлғайту қажет.
Шетелдік инвесторлар тарту ісін нығайту туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров баяндады. Ол инвесторларды нысаналы түрде тарту және инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру бойынша нақты жұмыс нәтижелерінен мысалдар келтірді. Олардың арасында CHN Corporation (Қарағанды облысындағы көмір-химия кешені, құны – $4 млрд), Roca Group (Қызылорда облысындағы жуынатын бөлмеге арналған сантехника мен жиһаз өндіретін зауыт, құны – $70 млн), Fufeng Group (Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдеу зауыты, құны – $800 млн), UBM Group (Қостанай және Алматы облыстарындағы құрама жем дайындау зауыттары, құны – $58 млн), Shandong Yuwang Industrial (сояны терең өңдеу жобасы, құны – $250 млн) компаниялары бар. Сондай-ақ халықаралық консультанттармен бірлесіп басым бағыттар бойынша инвестициялық ұсыныстар әзірленгені атап өтілді. «Kazakh Invest» ҰК-ның Германия, АҚШ, ҚХР, Қатар, Ресей, Түркия және Малайзия сияқты негізгі бағыттарда өкілдіктерін орналастыра отырып, шетелдік өкілдіктерді ашу жұмыстары күшейтілуде.
Сондай-ақ жиын барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау және жобаларды сүйемелдеудің құқықтық тетіктерін нығайту жөніндегі шаралар қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР БП-ның Заңсыз активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды, ал Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелді.
Премьер-министр бұл еліміздегі капиталдың құқықтық қорғалуын күшейтуге тиіс маңызды қадам екенін атап өтті. Үкімет осы жаңа институтпен өзара іс-қимылды толық қамтамасыз етуі керек.
Өз кезегінде Бас прокурор Берік Асылов жергілікті жерлерде инвест-прокурорлар жұмыс істей бастағанын атап өтті.
Бүгінгі таңда әкімшілік қысымды төмендетудің негізгі құралы «прокурорлық сүзгі» болып отыр: мемлекеттік органдардың 27 мың шешімі зерделеніп, мыңнан астам негізсіз бастамалар кейін қайтарылды, 500-ге жуық әкімшілік іс жүргізу жойылып, 400 заңсыз тексерулер тоқтатылды және өзге де 200 шектеу шараларын қолдануға жол берілмеді. Жалпы алғанда, бұл шаралар инвесторлардың қатысуымен болған сот дауларын 30%-ға, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің 10%-ға, қылмыстық істердің 2 есе төмендеуіне ықпал етті.
Маңызды бағыт ретінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді цифрландыру шарасы аталды: ол әрбір бастамаға «онлайн» режимде мониторинг жасауға және тәуекелдер мен кідірістерді нақты уақытта анықтауға мүмкіндік береді. Бас прокуратураның мәліметінше, соның арқасында 2 мыңға жуық инвестордың проблемалары шешіліп, 25 мың жұмыс орнын құруға жол ашатын 250 жобаның іске қосылуы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бірлесіп шешетін проблемалық мәселелер бар.
Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы істер министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп, барлық ағымдағы инвестициялық жобаларды тексеруді қысқа мерзімде аяқтауға тиіс.
Олжас Бектенов инвесторлардың құқығын қорғау және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру барлық мемлекеттік органның, әсіресе бизнеспен өзара іс-қимылдың алдыңғы қатарында тұрған органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Премьер-министр «Kazakh Invest» ҰК мен әкімдіктер қызметін жіберген кемшіліктері және мақұлданған жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіргені үшін сынға алды. Бүгінгі таңда өңірлерге жүзеге асыруға ұсынылған 25 жобаның үшеуі ғана белсенді түрде жүргізілуде. «Kazakh Invest» ҰК АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловқа ескерту жасалды.
Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға үш күн ішінде қалған инвестициялық жобалар бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдауды тапсырды. Нақты нәтиже болмаған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады. Инвесторлар қызметіне кедергі келтіру фактілеріне қатысты барлық материал Бас прокуратураға жолданды.

