Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және жаңа инвестордың қатысуымен кәсіпорынның операциялық процестерін тұрақтандыру, оны қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ бірқатар құқықтық рәсімдерді жүргізу шаралары талқыланды.
Одан бөлек, комбинат жабдықтарын жаңғыртуды, заманауи өндіріс технологияларын енгізуді және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын арттыруды көздейтін инвестициялық бағдарламаны іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде осы мақсаттарға шамамен $1,3 млрд жеке инвестициялар бөлінеді.
Премьер-Министр кәсіпорын жұмысшылары алдындағы барлық міндеттемелерді уақытылы орындау қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы осыған орай, өндірісті одан әрі серпінді дамытудың, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтудың және анықталған экологиялық заңнама талаптарын бұзушылықтарды кезең-кезеңімен жоюдың маңыздылығын айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдарға ағымдағы мәселелерді шешуде кәсіпорынға қажетті қолдау көрсетуді және инвестормен бірлесіп, Qarmet-ті дамытудың әрбір бағыты бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.