RSS лента

Каспий теңізі суға толып жатыр

  • 22.01.2026, 16:16,
  • 55
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстан және Ресей Федерациясының үйлескен жұмысының арқасында Қамыш-Самар көлдер жүйесі мен Каспий теңізі суға толды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қазақстанның ішкі және трансшекаралық су ресурстарын басқару саласында ынтымақтастық орнатқан елдердің бірі –Ресей Федерациясы. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы су саласындағы ынтымақтастық 2010 жылдан бастап қолданыстағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылады. Аталған келісім аясында Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы, сондай-ақ Ертіс, Есіл, Тобыл және Жайық өзендерінің бассейндері бойынша жұмыс топтары құрылған. Бұл құрылымдар тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіруге, ағымдағы мәселелерді жедел талқылауға және келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді. Оның мәлімдеуінше, берілетін су ағынының көлемі нақты жылдың өзен суының болжамды су молшылығына байланысты айқындалады, ал ел аумағына келіп түсетін судың есебі шекаралық гидробекеттер арқылы жүргізіледі. Осылайша, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілген бақылауларға сәйкес, 2018-2022 жылдар аралығында Жайық өзенінде су аз кезеңі байқалды. 


«Осыған байланысты 2020 жылы Қазақстан мен Ресей Жайық, Ертіс және басқа да ортақ өзендер бассейндеріндегі су ресурстары жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен Бірыңғай жол картасын қабылдады. Бұл құжат өзендердің жағдайын және олардың су режимін климаттың өзгеруі мен басқа табиғи, антропогенді факторларды ескере отырып, бірлесіп зерттеудің негізі болды. Осы зерттеулердің нәтижелері су ағындарын дұрыс басқарумен қатар құрғақшылық жылдары экологиялық су жіберулерін жүргізу, сондай-ақ су тасқыны кезінде келген суды тиімді пайдалануды қамтамасыз етті», – деді вице-министр.


Мәселен, 2024 жылы Ресей Федерациясымен шектес трансшекаралық өзендер бассейнінде болған су тасқындары кезеңінде уәкілетті органдардың әрекеттері үйлестіріліп, Жайық өзеніндегі 20 жыл бойы толмаған Қамыш-Самар көлдері жүйесіне бағытталса, Каспий теңізіне Орал өзені бойынша шамамен 17 млрд м³ су келді.


Күрделі су тасқыны жағдайы су ресурстарын жедел және бірлесіп басқарудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Осы ретте 2024 жылы су тасқындары мен су тасқыны кезеңдерін басқаруға арналған Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. 


Сумен қамтылатын қорларды үйлестірілген басқарудың арқасында су тасқындары қаупі төмендетіліп, трансшекаралық өзендерді қауіпсіз әрі тұрақты пайдалану қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда.


Тұрақты өзара әрекет аясында Жайық өзені бассейніндегі су қоймаларының жұмыс режимін үйлестіру жүргізіледі. Қазақстан өкілдері Ирикла су қоймасын басқаруға арналған ведомствоаралық топ жұмыстарына қатысып, көктемгі су тасқыны кезеңіндегі және жаз мезгіліндегі жұмыс режимін бірлесіп анықтайды. Ресей Федерациясымен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық тұрақты негізде жүзеге асырылуда.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц