Президент «транзит – халықаралық бәсекедегі артықшылығымыз» деген болатын. Ендеше осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
24.KZ телеарнасының мәліметінше, әлемде 32 дамушы мемлекет теңізбен түйіспейді. Қазақстанда солардың қатарында. Әйтсе де ебін тапқан екі асайды. Еліміз географиялық кемшілікті стратегиялық мүмкіндікке айналдыруды көздейді. Былтыр жаһанның жартысына 21 млрд 270 млн тоннадан аса жүк тасымалданған. Бұның барлығы балама бағыттармен барды. Себебі біз Еуропа мен Азияның қақ ортасында тұрмыз. Сосын Еуропа мен Қытай арасындағы қысқа құрлықтық көпір саналамыз. Бес халықарлық транзиттік дәліз де ел шекарасымен өтеді. Мысалы, «Достық-Мойынты» теміржолын екі жолақты етіп кеңейтті. Бір тармағы биыл бітті.
Түйе керуен түрленіп, тарам-тарам теміржол төселіп жатыр. Елдің көлік-транзиттік әлеуетін көтеру үшін Алматы айналма желісі, «Дарбаза – Мақтаарал» «Бақты – Аягөз» және «Қызылжар – Мойынты» жаңа желілері іске қосылады. Бұдан бөлек «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады. «Қызылжар – Сексеуіл», «Қандыағаш – Тобыл», «Ақсу 1 – Дегелен – Жаңа-Семей» бағыттары және «Шалқар – Бейнеу», «Әлімбет – Никельтау» учаскелеріне заманауи реттеу жүйелері енгізіледі. Осы істің бәрін 2 жылда еңсеру көзделген.
Экономист Бауыржан Ысқақов Қытайға шығатын Достық пен Қорғас дәліздерінде жылына шамадан тыс жүктердің тасымалдануы, яғни салмақ көп екенін айтады.
Сарапшы кедендік кедергілерді де жіпке тізді. Құжат рәсімдеу кезек күттіреді. «Кей жерде тіпті қолмен толтыру әлі қалмаған, дейді. Маман тапшы, материалдық-техникалық база жетіспейді. Контейнерлердің 60%-і импортталады. Локоматив паркінің жартысы ескірген. Елеулі мәселеден есе кетіп жатыр. Жалпы жол – күретамыр. Экономикаға қуат дарыту үшін соның бойын дамыту керек.
Қорыта айтқанда, елдің стратегиялық орналасуын оңтайлы бағытқа бұрса, олжа көп. Дипломатия мен халықаралық серіктестік бұған септесе алады.

