RSS лента

Тамақ бағасы төмендеп жатыр...

  • 18.06.2024, 18:43,
  • 846
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты жағдай қаралды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«Бір апта ішінде 10 түрлі тауардың, атап айтсақ: қырыққабат (9,7%), пияз (1,3%), қарақұмық жармасы (1,1%), тауық еті (0,6%), күріш (0,4%), күнбағыс майы (0,4%), макарон өнімі (0,2%), қант, сүзбе және ұн бағасы (0,1%) төмендеді. Жалпы, елімізде негізгі азық-түлік бағасының индексі 0,1%-ға төмендеп отыр. Баға 11 облыста, әсіресе Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында айтарлықтай төмендеді», — деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

 

Оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау науқаны басталып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, ерте пісетін картоп – 219 мың тонна, қырыққабат – 105 мың тонна, сәбіз – 32 мың тонна, пияз – 66 мың тонна көлемінде күтілуде. Бұл көлем маусым-шілде айларында халықтың аталған көкөністерге деген қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті.

 

«Өндірушілерден мегаполистерге тікелей жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің тізімі құрылды, барлығы 900-ден астам кәсіпорын. Мәліметтер Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне көкөністерді жеткізу келісімдерін жасау үшін берілді», — деп атап өтті Ербол Тасжүреков.

 

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдіктерге алдағы маусымаралық кезеңде ерте пісетін және күзгі көкөністерді жеткізу үшін келісімге отыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

 

Ресми статистика деректері бойынша жыл басынан бастап 11 маусымға дейінгі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 99,9% құрады құрады. Тарихи деректер бойынша мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда болмаған. Бұл жайлы  ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

 

«Төмендетудегі негізгі үлесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жөніндегі кешенді тәсіл есебінен қамтамасыз етілді», – деді спикер.

 

Ведомство өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үнемі бақылауда ұстап отыр. Мамандар жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы қызметін үйлестірумен айналысады. Әр апта сайын Премьер-Министрдің орынбасарының қатысуымен өтетін кеңестерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланады. Сондай-ақ бұл тауарлардың бағасын өсірмеу бойынша арнайы Жол картасы жүзеге асырылып жатыр.

 

Айта кетерлігі, отандық заңнамада әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15%-ды құрайтын үстемеақы қарастырылған. Одан артық үстемеақы қосатын кәсіпкерлерге тиісті шаралар қолданылады. Салық органдары мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі арасында келісім жасалып, әлеуметтік маңызы бар тауарларды сататын саудагерлер электронды шот-фактура жүргізуге міндеттелді.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости