Ұлттық Банк экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыру үшін 2024-2025 жылдарға жоспарланған инвестициялау аясында БЖЗҚ зейнетақы активтерін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ облигацияларына нарық шарттарына сай жылдық 13% кірістілікпен және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен 173 млрд теңгеге «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ облигацияларын сатып алатынын хабарлады.
Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялардың жалпы көлемі 190 млрд теңгені құрады. Осы облигацияларды орналастыруға жалпы сомасы 17 млрд теңгеге БЖЗҚ-дан өзге де инвесторлар қатысты.
"Жоғарыда аталған облигацияларды сатып алу – нақты кірістілік алу бойынша ұзақмерзімді мақсаттарға сәйкес келеді және салымшы зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Осы жобаларды іске асыру – экономиканы әртараптандыру және өсіру мақсаттарына сәйкес келеді, сонымен бірге, теміржол көлігімен жүк және жолаушы тасымалдау саласындағы транзит пен көліктік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.
"Жоғарыда аталған облигациялар эмиссиясының проспектісінде борыштың негізгі сомасын мерзімінен бұрын қайтару көзделгенін атап өткен жөн. Мәселен, эмитент 5 жыл өткеннен кейін жыл сайын облигация ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10%-на дейінгі мөлшерде номиналды құнына сай сатып алуға міндетті".
Сондай-ақ, зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы мәліметтер ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланатынын атап өтті.