Бір алаңда тау-кен металлургия саласының (ТМК) өкілдері, отандық тауар өндірушілер (ШОБ), уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері, инвесторлар, халықаралық сарапшылар жиналып, ТМК-ны дамыту, тау-кен металлургия кешеніндегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жөніндегі жаңа тәсілдер, елішілік құндылықты дамыту жөніндегі халықаралық компаниялардың озық тәжірибелерін талқылайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин хабарлады.
Оның айтуынша, аталған мәселелер Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында көрініс тапты. Бұл шара реттелетін сатып алудағы елішілік құндылықты дамыту жөніндегі міндеттің жоғары саяси маңызын растайды.
«ТМК саласы экономиканың жүйе құраушы салаларының бірі болып табылатынын түсіну қажет, 2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ-дегі оның үлесі 9,5% құрады. ТМК-нің экономиканың өзге секторларына мультипликативті әсері зор. Сарапшылардың бағалауынша, ТМК сектордағы 1 жұмыс орнымен экономиканың басқа салаларында 2,6 жұмыс орнына қолдау көрсетіледі, ТМК сектордың 1 теңге салығына экономиканың өзге секторларында 1,8 теңге қосымша салық түзіледі», - деді спикер.
Сонымен қатар, Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласы отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді тұтынудың айтарлықтай әлеуетіне ие.