ӨТКЕН АПТАДА РЕСПУБЛИКА ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУІ ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ҮЛКЕН СЕРПІЛІС ТУҒЫЗҒАНДАЙ БОЛДЫ. ОНДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕР МЕН КҮРДЕЛІ ТҮЙІНДЕР ДЕ БҰРЫНҒЫДАЙ ЖАТТАНДЫ ЕМЕС. ЭЛИТАЛЫҚ ТОПТАР ЫҚПАЛЫНЫҢ АРТУЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІНІҢ ТАБЫСЫНЫҢ АЗАЮЫ ҚАУІПСІЗДІККЕ АЙТАРЛЫҚТАЙ ҚАТЕР ТӨНДІРГЕНІН ЖАРИЯ ЕТУ ДЕ АЙТУҒА ҒАНА ОҢАЙ. ЕНДЕШЕ, БҮГІНГІ ҚОҒАМДА «БАЙ» МЕН «КЕДЕЙ» ҰҒЫМДАРЫН ЖОЮ ҮШІН ҚАНДАЙ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР? БҰЛ ЖӨНІНДЕ ІРІ КӘСІПКЕР, БЕЛГІЛІ МЕЦЕНАТ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ ИБРАГИМ АҚДРАШЕВКЕ ЖОЛЫҒЫП, АРНАЙЫ ӘҢГІМЕ-ДҮКЕН ҚҰРҒАН ЕДІК.
– Ибрагим Шияпұлы, 11 қаңтардан бері қоғамда «Жаңа Қазақстан» деген ұғым қалыптасты. Сіздіңше, ол қандай Қазақстан? Бұл ертең жалаң ұранға айналып кетпей ме?
– Жаңа Қазақстан дегеніміз, меніңше, «шынайы жəне нағыз демократиялық принциптерге негізделген ел» деп түсіну керек. Бұл – бос сөз емес, іс жүзінде жүзеге асатын ұлы мақсат. Яғни, азаматтар бейбіт негізде өз ойпікірі мен ұсыныс-тілегін еркін білдіре алады деген сөз. Бірақ, бұл ұсыныстар нақты əрі сауатты жеткізілуі тиіс. Сонда ғана билік тарапынан да қайтарымды жауап болады. Сондықтан, өз үнін жеткізуі үшін бұқараға арнайы тəуелсіз алаң немесе орын болуы керек сияқты. Өйткені, бейбіт жиынның мақсаты – билікті ауыстыру емес, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу ғой.
– Жыл басындағы ереуілшілердің алаңға шығуы бағаның қымбатшылығынан туындады. Ал, бүгінде жергілікті өнім өндірушілердің сауда нүктелерін ашуына не кедергі?
– Сауда нүктесін ашқысы келетін кəсіпкер алдымен жан-жақты ізденуі керек деп ойлаймын. Əсіресе, əлемдік жəне отандық нарықтың қазіргі ахуалын зерттеп, зерделеп алуы керек. Ең маңыздысы – жергілікті тұрғындардың сұранысына ие кəсіп ашу. Сонда кəсіп иесінің өзі де толағай табысқа кенелетін болады.
Екіншіден, «келісіп пішкен тон келте болмайды», сауда орнын жергілікті əкімдік өкілдерімен кеңесіп ашқан жөн. Себебі, ол жерде де нарықтық қатынастарға талдау жасап отырған мамандар бар. Міне, солардан маңызды мəліметтер алып, танысып алса да артық етпейді.
Үшіншіден, кəсіпкерлік нысаны тұтынушыға ыңғайлы жерден орын тебуі тиіс. Тауар халық көп шоғырланатын жерден жақсы өтетіні белгілі. Ендеше, осындай орындар бірінші кезекте отандық өндірушілерге ұсынылса, бұл да бір қолдау емес пе? Сол сияқты, сауда орнының сыртқы келбетін безендіру мен ішкі санитариялық талаптың сақталуына да зор мəн берген жөн.
– Егер бүгін бизнес иелеріне жеңілдетілген несие берілсе, ертең қайтарымы бола ма?
– Өзімнің көпжылдық тəжірибемнен ұққаным, өзін-өзі ақтайтын жəне тиімді бизнеске мемлекет тарапынан жеңілдікті аямау керек. Бұл үшін əр кəсіпкер ашайын деп отырған ісі туралы жанжақты əрі нақты мəлімет беретін бизнес-жоспар жасақтауы қажет. «Қағазда қатып тұрған» емес, жеңілдік ұсынатын мамандарды қызықтыратындай жоспар əзірлеуі шарт. Ал, бүгін оп-оңай ашып, ертең жаба салатын кəсіпке несиені де, субсидияны да бекер шашудың қажеті жоқ.
«Қайтарымсыз қаражат екен» деп мемлекет берген мүмкіндікті оңды-солды пайдалана беруге болмайды. Қазір кəсіп ашып, халықты жергілікті өніммен қамтуға құмартып жүргендер көп. Алайда, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, олардың көпшілігінде несие алу үшін қоятын кепілзаты жоқ. Олардың көңілдерін түсіріп, мысын басатыны – осы жайт. Демек бұл мəселеге де Үкімет тереңірек үңілгені жөн.
– Атырау мұнайлы мекен болғандықтан, сауда-саттықты ндіріс басуы тиіс деп ойламайсыз ба?
– Рас, өндірісті өңірде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, мəселе онда емес. Қазыналы аймақта елге қажетті мұнай өнімдері шығарылып жатыр. Əйтсе де, ірілі-ұсақты азық-түлік өндірісі жолға қойылмаған. Оған дəлел – супермаркет сөрелеріндегі тамақтың сырттан əкелінуі. Жарайды, нан пісіретін наубайханалар болар. Ал, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, басқа да толып жатқан азықты өндіретін зауыт-фабрикалар қайда? Айтқым келгені – əуелі азықтүлік өнімдері жергілікті болуы шарт. Бір кезде Атыраудағы ет, сүт жəне нан комбинаттары бүкіл қаланың сұранысын толық қамтамасыз етті ғой. Егер жергілікті жерден ешқандай қоспасыз, табиғи таза жəне арзан өнімдерді тұтынса, халықтың көңілінде елдің ертеңіне деген сенім қалыптасады. Үкімет пен кəсіпкерлер бірлесіп, осы мəселені шұғыл шешуі керек.
– Өндіріске қажетті құрал-жабдық неге сырттан тасылады?
– Біздің маңдайымызға басқан «Теңізшевройл», «NCOC» секілді ірі алпауыт компаниялар бар. Олар өздеріне қажет құрылғылардың 70-80 пайызын шетелден сатып алады. Бұл – дұрыс емес!.. Біз неге өзге елдің экономикасын дамытуымыз керек? Ірі компаниялардың сұранысын жергілікті жерден шығатын өнімдермен қамтуға толық мүмкіндік бар. Мен бұл жерде күрделі əрі сирек кездесетін құрал-жабдықтарды айтып отырған жоқпын. Бұрыннан қолданылып келе жатқан жəне бүгінде кең таралғандарын ғана айтып отырмын. Жергілікті мамандар тым болмаса, сол жабдықты құрастыра алады ғой. Əйтпесе, сырттан сатып алынатын қымбат құрылғы істен шыққанда оны жөндейтін де біз емес. Егер өз сұранысымызды өзіміз өтей алмасақ, экономикамыз қалай өседі, қалай өркендейді?
– Экспортты сәл тоқтата тұрса, ішкі нарық ретке келуі мүмкін бе?
– Экономикалық тұрғыдан алсақ, экспорт қашан да қажет. Дегенмен, сіздің сұрағыңыздың жаны бар. Экспорттан бұрын ішкі нарықты қамтып алуымыз керек. Өзіміз аш отырғанда, өзгеге не ұсына аламыз? Сондықтан алдымен жанаржағармай, сұйытылған газ секілді ең маңызды өнімдермен ішкі сұранысты өтеп алған жөн. Содан артылғанын да сыртқа шығарсақ жетіп жатыр.
– Атырауға қазір нақты қандай мамандық иелері жетіспейді? Оларды дайындайтын оқу орындарына қоятын талабыңыз бар ма?
– Алдымен, бізге денсаулық сақтау мамандары қажет. Жер жүзін жайлаған пандемия мұның қаншалықты қиын проблема екенін «соқырға таяқ ұстатқандай» көрсетті ғой. Иə, дəстүрлі медицина қызметкерлері жетіп жатыр. Ал, арнайы сауықтыру жəне фитнесжаттықтырушылар жетіспейді. Оларды күндіз қолымызға шам алып іздесек те таптырмайды. Міне, соларды оқытатын орталықтарды көбірек ашқан дұрыс. Білікті кадрды шет елден шақырғанша, жергілікті жастарды сырттан оқытып алуға болмай ма? Сонымен бірге, бизнесжаттықтырушылар да өте қажет. Елге белгілі санаулы маман барлық азаматтарды қамтып үлгермейді. Оларға да бай тəжірибемен бөлісіп, тұрғындардың кəсіпкерлік дағдысын қалыптастыруы үшін арнайы орталықтар ашу керек. Бұдан бөлек, құрылысшы секілді қарапайым жұмысшы мамандығын игерген азаматтар да тым аз. Ал, оларға бүгінде сұраныс жоғары. Олай болса, осы олқылықтың орнын толтыру қажет.
– Атыраудың табысы өзінде қалса, оны ең алдымен қайда жұмсаған тиімді?
– Сіз халықтан түсетін салықты айтып отырсыз ғой. Дұрысында, əр өңірдің табысы өзінде қалуы тиіс. Меніңше, қаражаттың көп бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, мəдениет жəне басқа да осындай əлеуметтік маңызды салаға құйылғаны дұрыс. Емханалар мен спорттық сауықтыру нысандарын қазірден көбірек аша берсек, ертең жемісін көреміз. Содан соң жай ғана мектеп емес, спорттық бағытқа икемделген білім ұяларын ашсақ, тамаша болар еді.
– Атырауда табиғаты таңғажайып жерлер көп. Бірақ оған кәсіпкерлер қызығушылық танытпайды. Неге?
– Бəрі де айналып келгенде қаражатқа келіп тіреледі. Қалай десек те, кезкелген кəсіпкер табыс мол түсетін іспен ғана айналысады. Ал, Атырауда туризм – ең кенже қалып отырған сала. Кəсіпкерді туризмге тарту үшін мемлекет тағы да қаржылай қолдау тетіктерін қарастыруы қажет. Сонда туризмге де жол ашылуы əбден мүмкін.
– Қарбалас жұмыстан уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
* * *
«Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ