Қазір оның аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Каспий теңізіндегі сирек кездесетін бекіре тұқымдастардың қорын толықтыру үшін Жаңаталап және Еркінқала учаскелерінде орналасқан Атырау бекіре өсіру зауыты жаңғыртылуда. Бұл шара зауыттың өндірістік қуатын арттырып, шабақ өндіру көлемін жылына 5 млн-нан 7,5 млн данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді. Спикердің айтуынша, Жаңаталап учаскесінде бюджеттен тыс қаражат есебінен алғашқы кезектегі нысандардың құрылысы аяқталып, екінші кезектегі нысандар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Комитет заңсыз балық аулауға жол бермеу және балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын азайту бойынша да тиісті шараларды қабылдауда.
Жергілікті маңызы бар резервтік балық шаруашылығы су айдындарында балық ресурстарын қорғауды күшейту мақсатында 11 облыста әкімдіктер жанынан арнайы ұйымдар құрылды.
Сонымен қатар салада цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Балық аулау құралдарын қолдануға бақылауды күшейту мақсатында аулау құралдарын QR-код жапсырмаларымен таңбалау тетігін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қолданылатын құралдарды сәйкестендіруге және тыйым салынған аулау әдістерін жедел анықтауға мүмкіндік береді.

