Инновациялық зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Fab-Lab (Fabrication Laboratory) — әлемнің жетекші оқу орындары қолданатын цифрлық өндіріс зертханалары желісінің халықаралық форматы.
Зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді:
Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған.
3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы – Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект зертханасы – Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған.
Жаңа орталық студенттерге теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз идеяларын іске асыруға, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірлеуге жол ашады.

