Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жанғалиеваның мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің ең жоғары көрсеткіші 2024 жылға тиесілі — бұл жылы 109 кәмелетке толмаған қыз жүкті болған. «Атырау Пресс» хабарлауынша, 2023 жылы есепке алынғандар саны 80 болса, биылғы жылдың тоғыз айында — 79 жағдай тіркелген.
Жанғалиеваның айтуынша, көрсеткіштің төмендеуіне медициналық ұйымдар мен жастар орталықтары ұйымдастырған профилактикалық іс-шаралар ықпал еткен.
Психологтар ерте жастағы аналардың бастан өткеретін эмоционалдық және әлеуметтік қиындықтарына назар аударады. Мамандардың пікірінше, басты себептердің бірі — ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмеуі мен бақылаудың аздығы.
Сарапшылар бұл алаңдатарлық жағдай кешенді тәсілді қажет етеді деп санайды. Олардың айтуынша, отбасылық құндылықтарды нығайту, жасөспірімдермен профилактикалық жұмысты күшейту және ата-аналардың репродуктивті денсаулық жөніндегі сауаттылығын арттыру маңызды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында шошытқан оқиға тіркелді: тоғызыншы сынып оқушысы 38-аптасында босанған. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті — кәмелетке толмаған қыздың әжесінің күйеуі. Ер адам 14 жастағы оқушының туған атасы емес.

