Ақтау қаласында ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырмандары бола тұра, ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырған. Лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделер ойнатқан. Қатысушылар құны 500-ден 50 000 теңгені құрайтын билет (цифрлық нөмір) сатып алып отырған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан. Заңсыз қызмет нәтижесінде қылмыстық табыс сомасы 162 миллион теңгеден асқаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.