Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Өздерін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайын табыс табасыңдар деп уәде берген. Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 4 мыңнан астам салымшы тартылған. Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған.
Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленген. Күдіктілер екі айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды. ҚМА-де қаржылық пирамидаға тән белгілерді тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» телеграм-боты іске қосылды.