Алматы қаласында А.К.Әбдіжапаров қатысты мемлекет меншігіндегі жер телімдерін алаяқтық жолмен иемдену дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды. Аталған қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізді.
Анықталғандай, Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен уақытша пайдалану құқығы негізінде «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға Жуков көшесі, 67-учаске (2,3 га) және Жамакаев көшесі, 77-учаске (6,3 га) мекенжайларында орналасқан жер телімдері 5 жыл мерзімге берілген.
Бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкері болып жұмыс істеген Әбдіжапаров жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесінің қалай жұмыс істейтінін біле отырып, уәкілетті органдарға жер телімдерін уақытша пайдаланудан бас тарту туралы жалған келісімдер мен жер телімдері жеке меншікке берілді деген жалған әкімдік қаулыларын тапсырған.
Алайда іс жүзінде мұндай қаулылар әкімдік тарапынан шығарылмаған. Осының нәтижесінде ол аталған жер телімдерін заңсыз түрде өзінің «Айша Групп» ЖШС-нің атына қайта тіркеген. Кейін бұл жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге сатып жіберген.
Соттың санкциясымен нарықтық құны 13,6 млрд теңге болатын жер телімдеріне тыйым салынды. Сот үкімімен Әбдіжапаров ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарлануда. Сот үкімі заңды күшіне енді.