«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының директоры Салауат Төленов аймақтың гидрометеорологиялық жағдайы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Ресей Федерациясынан үлкен көлемде су келуі мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Серік Шәпкенов тек шекті деңгейлерді емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру қажетін айтты. Бұл ретте көпжылдық орташа көрсеткішке, өткен жылғы мәліметтер мен жоспарланған көлемдерге сүйену маңызды. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, су белгіленген деңгейге ғана жетіп қоймай, барлық каналға тарап, қосымша қауіп төндіреді. Осыған байланысты Ақтөбе және БҚО шекарасына жақын жерге су келу көлемін бақылау үшін бекеттер ашу, сондай-ақ су басу қаупі жоғары 51 елді мекенде маусымдық гидробекеттер орнату керек. Бұдан бөлек, «Қазгидрометке» шекаралас аймақтардағы гидрологиялық жағдай бойынша жедел ақпарат алмасу жүйесіне көшу тапсырылды. Тарих көрсеткендей, су тасқыны екі жыл қатарынан қайталануы мүмкін, сондықтан дайындық пен уақытылы ақпараттандыру басты назарда болуы тиіс.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, өңірде су өткізу құбырларын тазалау, бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын күшейту жұмыстары жүруде. Былтыр Жайық өзені бойында 590 км бөгет, 20 км канал қазылды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 8 су өткізгіш қондырғы орнатылды. Өзен учаскелерінде 7 км жағалау нығайтылып, 121 км түп тереңдетіліп, 90 км жаға бекітіліп, тазартылды.
Бұдан бөлек, Серік Шәпкенов қала,аудандардың дайындық шараларын тыңдады. Әкімдер өз аймақтарындағы қауіп-қатер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аймақ басшысы салынған бөгеттерді тексеріп, қажет болса нығайтуды, сондай-ақ қар суы келетін аумақтардағы гидрологиялық жағдайды бақылауды тапсырды.