Салтанатты шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дастанбек Қоспанов спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Қыздар арасындағы ауқымды турнирді алғаш рет өткізіп отырмыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен нағыз мықтыны анықтауға жас спортшылар келді. Ойын өтетін алаңның барлығы сақадай сай. Бүгінгі спортшыларға сәттілік тілеймін. Ең үздік команда жеңіске жетсін,- деді Д.Қоспанов.
Жарысқа Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облысынан барлығы 14 команда құрамында 200-ге жуық спортшы қатысуда. Турнир 19 қазанға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, Рахымжан Қасымғалиұлы «қазақтың қара сөзін қойша айдаған» қабырғалы қаламгер ретінде ел есінде қалды. Ол 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. «Жүрегін қолына ұстап отырып жазатын» жалынды жазушы ел үшін еңбек етті, ғибратты ғұмыр кешті, өнегелі өмір сүрді. Ол А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» газетінде бастап, кейінгі жылдары «Жалын» журналында бөлім меңгеруші, Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республикасындағы елшілігінде атташе, Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында төраға, Атырау облыстық қазақ драма театрының директоры, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры, «Ақ Жайық kz» журналының Бас редакторы болып еңбек етті.
Жазушының шығармалары елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Оның таңдамалы шығармалары орыс, қырғыз, қытай, араб, түрік және ағылшын тілдеріне аударылған. Драматург Отарбаевтың пьесалары республикамыздың және шетел театрларында сахналанған. Қазақстанда және Қырғызстанда Р.Отарбаевтың шығармалары бойынша халықаралық театр фестивальдері өткен.
Рахымжан Отарбаев Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, республикалық Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың, Халықаралық Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық Айтматов атындағы академияның академигі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденімен марапатталған.