RSS лента

Америкадағыдай автобустар Қазақстанға келді

  • 30.09.2023, 17:04,
  • 285
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: Атырау облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі

Жақында қазақстандық мектептер голливудтық фильмдерде көрсетілетін сары автобустармен толықты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Олар Атыраудағы 15 елдімекенде тұратын 600 оқушыны тасымалдауға сатып алынған.

 

– Тұрғындармен өткен кездесулерде мектептерге автобус беру мәселесі жиі көтеріледі. Бүгін сол мәселенің шешімін тауып, Қазақстанда жасалған автобустарды тарту етіп отырмыз. Ең басты қоғам - балаларымыз. Олардың тиісті деңгейде білім мен тәрбие алуы үшін жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген бар. Сондықтан баланың балабақшаға баруынан бастап, мектептегі кезеңдерінде сапалы білім мен тәрбие беріп, қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бәсекеге қабілетті ұлтты дайындауда, осы арқылы адами капиталды дамытуда ұстаздардың рөлі зор. Бұл ретте ұстаздарды алда келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Бүгін берілген көліктер оқушылардың игіліне бұйырсын! Балаларға жасалатын игі істер көп болсын! - деді өңір басшысы Серік Шәпкенов.

 

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 60 елдімекенге қосымша 23 автобус сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді.


  

Айта кету керек, 23 автобустың 15-і бүгін табысталды. Қазан айында тағы 8 автобус жеткізіледі.

 

Жаңа автобустар «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне, тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатына, Атырау облысы дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернатына, қаладағы Береке орта мектебіне, Еркінқала орта мектебіне, Талқайран орта мектебіне, Қайырғали Смағұлов орта мектебіне, Жамбыл Жабаев орта мектебіне, Жылыой ауданы Құлсары қаласы №19 орта мектебіне, Индер ауданы Елтай ауылдық округі М.Сиранов атындағы орта мектебіне, Исатай ауданы Аққыстау ауылы мектеп-гимназиясына, Қызылқоға ауданы Сағыз орта мектебіне, Құрманғазы ауданы Жыланды ауылы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектебіне,

 

Мақат ауданы Сабыр Шарипов атындағы Доссор мектеп интернатына және Махамбет ауданы Д.Төленов атындағы орта мектебіне берілді.

 

Мектеп автобустары Алматы қаласынан жеткізілді. Заманауи үлгіде жасалған көлік 36 орынға шақталған. Автобус ерекше балаларға арналған көтергішпен, бейнебақылау камерасымен, «cтоп» батырмасымен, салқындатқыш және жылыту пешімен жарақталған.

Оставить комментарий
Последние новости