RSS лента

Атыраулықтар сасық иістен 2025 жылы құтылады

  • 19.06.2023, 16:52,
  • 622
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Өндірістік өңір ретінде Атырау облысының экологиясы тұрғындарын алаңдатпай қоймайды. Осы тұрғыда, ОКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімі Серік Шәпкенов қаладағы экологиялық ахуал туралы баяндап берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Экология мәселесі - Атырау өңірі үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Негізінен бұл үш бағыттан тұрады: ауаның ластануы, сарқынды сулар мәселесі және тұрмыстық қалдықтар мәселесі.

 

    «Сарқынды су мәселесіне келетін болсақ, біздің қаламызды Жайық өзені екіге бөліп жатыр. Сондықтан бізде сонау 1945 жылдан бастап өздігінен сол алаңға төгілген тазартусыз, қалыптасып қалған «Сасық сай» булану алаңы бар. Ол бүкіл БАҚ-та, әлеуметтік желілерде де, халықтың аузында да жүрген мәселе», – деді әкім.

 

Қазір бұл жерде сарқынды суларды тазарту қондырғысы орнатылып, жұмыс істеуде. Булану алаңын рекультивациялау жұмыстары биыл толық аяқталды. Ол жерден қазір жағымсыз иіс шықпайды. 

 

Екінші мәселе - 1986 жылы жасалғаннан бері бірде де бір жөндеу көрмеген оң жақ жағалаудағы «Квадрат» булану алаңы.

 

    «Бүгінгі күні сол жерде сарқынды суды тазарту қондырғыларының құрылысы басталды. Келесі жылы толығымен аяқтаймыз», – деді облыс басшысы.

 

Алаңды рекультивациялау жұмыстары басталып, 2025 жылы аяқталмақ. Соның арқасында сарқынды сулар мәселесі 2025 жылға қарай толығымен шешілетініне сендірді әкім.

 

Қаланың жанында 1977 жылдан бері қордаланған тұрмыстық қоқыс полигоны бар. Қазіргі таңда полигон өзінің мүмкіндігінің шегінен асып кеткен. Сондықтан ол жабылып, рекультивациялануы тиіс. Бұл жұмыстар келесі жылы басталады.

 

    «Жаңа Экологиялық кодекстің талаптары бойынша біз қоқысты сұрыптауымыз керек. Сондықтан инвестормен келісе отырып қоқыс сұрыптау зауыты салынды. Оны биыл іске қосамыз және бәрін сұрыптап, қалған қалдықты ғана осы полигонға көметін боламыз. Одан бөлек, құжаттамасын жасақтап, қаладан алыс жерде жаңа полгионның құрылысын жүргізетін боламыз. Сұрыптаудан қалған қалдықтар сол жерге, барлық талаптарға сәйкес полигонға апарып тасталады», – деп нақтылады әкім.

 

Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты қабылданып жатқан шараларға тоқталған әкім, зауыттың аумағында 6-ға жуық алаң бар, оларға қалдық мұнай өнімдері құйылып, беті ашық болғандықтан, булану процесінде жағымсыз иістер шығатынын атап өтті.

 

    «Бұл мәселені жою үшін «Тазалық» бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарлама аясында осындай үш алаң рекультивацияланып, жойылды, екеуі жойылу үстінде. Біреуі технологиялық процеске қажет болғандықтан, қалады. Бірақ оның беті толығымен жабылады», – деп нақтылады облыс басшысы.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости