Бұл туралы ҚазАқпарат мәлім етті. 2022 жылы жалпы ел бойынша бүкіл бос жұмыс орындарының шамамен 4% немесе 20 мыңнан астамы вахталық жұмыс болды.
Вахтамен істейтін қызметкерлерге ең үлкен сұраныс Атырау облысында тіркелді – вакансияның 16% осында. Одан кейін Қарағанды (12%) және Алматы (7%) тұр. Вахталық жұмыс іздегендер ішінде ең белсендісі Астанада – 27%. Жұмыс іздеуден Алматы, Ақтөбе және Ақтау вахташылары да қалыспайды — түйіндеменің 7-12% осы қалаларға тиесілі.
Вахта қызметкерлеріне ең үлкен сұраныс мына салаларда:
– құрылыс, пайдалануға беру, жобалау – өндіруші сала – металлургия, металл өңдеу. Алайда, басқа мамандық өкілдеріне де жұмыс көп, олар – аспаздар, күзетшілер, күтушілер, бағдарламашылар, дәрігерлер, тіпті сатушыларға да вахталық ұсыныстар бар. 2022 жылы вахта жұмысшысына орта есеппен 350 мың теңге жалақы ұсынылды, бұл – ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары.
«Ең қымбат» вахта жұмысының рейтингін Атырау мұнай-газ саласындағы жобалау инженері бастап тұр – оған компания 1 600 000 теңгеден аса еңбекақы төлеуге дайын. Екінші орында – Теңіз кентіндегі кәсіпорында ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша менеджер (айлық 1 500 000 теңгеден жоғары). Үшіншісі – Қарағандыда технологиялық жабдықтар мен құбырларды дәнекерлеуші, жалақысы 1 300 000 теңгеден басталады.