Бұл жолы да ол өзінің тиімділігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Қазақстандық фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Францияның Тур қаласында өткен әлемдік сыр байқауы Le Mondial du Fromage-де беделді марапаттарға ие болып, жаһандық қоғамдастықтың назарын өздеріне аударды. Әлемдегі ең беделді сыр өндірушілер байқауларының бірінде қазақстандық қатысушылар 32 елден келген үміткерлермен бақ сынап, үш алтын, бір күміс және екі қола медальға қол жеткізді.
Алтын медальдардың бірін бес баланың анасы көкшетаулық Эльвира Мұқашева иеленді. Эльвира үй жағдайында табиғи йогурт, айран және ірімшік өндіруден бастаған. Уақыт өте келе хобби кәсіби іске айналып, ол күніне 100 литрге дейін сүт өңдеді. Кейінірек мемлекеттік гранттарға ие болды — әуелі 1,4 млн теңге, одан кейін 5 млн теңге. Бұл қаражат тоңазытқыш жабдығын, сепаратор мен кәсіби ірімшік қайнататын қазан сатып алуға жұмсалды.
Екінші алтын медаль иегері – маңғыстаулық «Жеті лақ» фермасының негізін қалаушылар. Қобзевтер әулетінің фермасында пастерленген ешкі сүті, йогурт, айран, қаймақ, сүзбе және 12 түрлі ірімшік өндіріледі. Ай сайын мұнда 3,5 тоннаға дейін ешкі сүті өңделеді.
Үшінші алтын медальға Бурабай ауданы Қатаркөл ауылының тұрғыны Руслан Соколов өзінің авторлық «Бура» ірімшігімен қол жеткізді.
Қазақстандық ірімшік өндірушілердің жетістігі ауыл шаруашылығын қолдау, ұлттық өнімдерді насихаттау, ауыл кәсіпкерлерін ынталандыру және аграрлық экономиканы дамыту бағытындағы кешенді мемлекеттік саясаттың тиімділігін айқын көрсетті.