Форумның мақсаты – Орталық Азия медиа өкілдері мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, цифрлық трансформацияның өңірлік ақпараттық кеңістікке әсерін талқылау, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық сын-қатерлерді қарастыру.
Форум Орталық Азия елдерінің ақпарат министрлерінің жұмыс бабы бойынша кездесуінен басталды. Спикерлер қатарында – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан салалық ведомстволарының өкілдері және өңірдің негізгі медиа құрылымдарының жетекшілері бар.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Аида Балаева форумды ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң екенін атап өтіп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бастамасы арқасында бірлескен медиажобалар жасау мен гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары жандана түскенін айтты.
Сонымен қатар Аида Балаева Орталық Азиядағы гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бірлескен медиажобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Астанада «Euronews»-тің Орталық Азия бойынша өкілдігі ашылды, мәдениет күндері өткізіліп, арналар трансляциясы кеңеюде, креативті индустрия дамып келеді және жалған ақпаратпен күрес жұмыстары күшейтілуде.
Сондай-ақ ақпараттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және медиа саласындағы өзара байланысты дамыту мақсатында бірқатар жобалар талқыланып, жоспарланды. Олардың қатарында – Орталық Азия журналистика академиясын құру, креативті индустрияны дамыту, өңірлік журналистика сыйлығын тағайындау, жаңа тележобаларды іске асыру және өңір елдерінің контентін халықаралық медиаплатформаларда кеңінен таныту мәселелері бар.
Форумның түстен кейінгі бөлімінде болашақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, жасанды интеллект пен көп деректер дәуіріндегі медиа саласының цифрлық трансформациясы, елдің имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі және басқа да мәселелер қарастырылды.
Форум 17 сәуір күні де жалғасады. Екінші күні республикалық және Орталық Азия медиа өкілдері мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған шеберлік сабақтары өтеді. Спикерлер қатарында – Ұлыбритания, АҚШ және Ресейден келген танымал сарапшылар бар.