Америкалық конгрессмендер Джеймс Панетта мен Томас Суоззиді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қабылдады.
Бұл туралы Қазақстан СІМ ресми өкілі А.Смадияровтың БАҚ өкілдеріне өткізген брифингіде мәлім болды.
Қазақстан СІМ басшылығымен кездесу барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуға бейілділігі расталды, экономикамыздың жетекші инвесторлары қатарындағы американдық капиталдың рөлі және экономикалық әртараптандыру саясаты шеңберінде экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың белсенді дамуы атап өтілді.
Сапар аясында конгрессмендер Алматы және Түркістан қалаларына барып, өңірлер әкімдіктерінің басшылығымен кездесулер өткізіп, мәдени объектілерімен танысты.