Ол жетінші сыныптан бастап Атырау қаласы Нұрғиса Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған академияда вокал-пианино мамандығын 11-сыныпқа дейін оқып, кейін жоғарғы білімін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өнер факультетінде жалғастырған. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Абзал өз бойындағы таланты мен талабының арқасында төрт жылдық білім алғаннан кейін академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Құрманғазы атындағы консерваторияда оқуын жалғастырады.
- Бірінші әкем өнерге деген жалпы қызығушылығымды ашып, сол кісінің септігімен бала кезімнен үлкен сахналарда ән айтып көптеген конкурстардан жүлдемен оралып жүрдім. Кейіннен шеберлігімді шыңдау мақсатында облыс орталығына қоныс аудардым. Десе де, аудан атынан түрлі сайыстарға қатысып жүрдім, - дейді Абзал Сиғуатоллаұлы.
Түрлі аспаптың құлағында ойнай білетін өнерпаз жігіт қазіргі уақытта Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінде және Орал қаласындағы DD RECORDS командасында жұмыс жасауда.