Ғасырға жуық уақыт тереңіне үңілсек, қазақ киносы әлемдік кинематография кеңістігіне алғашқы қадамдарын жасаған тарихи кезеңге тап боламыз. Бұл туралы atr.kz жазады. Иә, бұл саланың алғашқы іргетасын қалағандар үшін кино әлеміне еніп, өз орнын табу оңайға соқпады. Алайда қазақ халқының бай мұрасы мен рухани болмысы кино өнері арқылы да өзін айқын таныта білді.
Қазақ кинематографиясының алғашқы жеңістері Қазан төңкерісінен кейінгі уақытта көріне бастады. 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген тұңғыш көркем туынды – «Амангелді» фильмі экранға жол тартты. Бұл тарихи картина алғашқы толықметражды фильм ғана емес, сондай-ақ белгілі тарихи тұлғаға арналған алғашқы туынды ретінде де есте қалды. Содан бері қазақ киносының қоржыны талай көрермен жүрегінен орын алған фильмдермен толықты.
1925 пен 1946 жылдар аралығында қазақ киносының алғашқы туындылары дүниеге келді. Уақыт өте келе 1972 жылы «Қазақфильм» киностудиясы Сұлтан Қожықовтың режиссерлігімен «Қыз Жібек» толықметражды фильмін ұсынды. Бұл туынды – отандық киноның жауһарлары қатарына енді. Ал 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң, кино саласы жаңа белеске көтерілген еді.
Мемлекет әлі қалыптасып жатқандықтан киностудиялар қаржылық қиындықтарға жиі тап болды. Жекеменшік студиялар өз шығынын жаба алмағандықтан, мемлекеттен қолдау сұрады. Сол қолдаудың нәтижесінде авторлық фильмдермен ғана шектелген студиялар түрлі жанрға бет бұрды. Мемлекет пен киностудиялар арасында келісімшарттар жасалып, бұл серіктестік кино өндірісінің тамырына қан жүгіртті.
2000 жылдан кейін тарихи жанрда жаңа леп пайда болды. Бұл кезең отандық киноның жаңа тынысын ашқандай еді. Ал 2005 жылдан бастап қазақ киносы жаңа толқынмен толықты.
Соңғы жылдары қазақ киносы халықаралық фестивальдерде олжа салып, отандық экранның өрісін кеңейтіп келеді. Мәселен, Шанхай фестивалінің бас жүлдесін иеленіп, өзге де халықаралық бәйгелерде жүлде алған туындылар қатарында Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі, Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» картинасы және Асхат Күчинчирековтің «Бауырына салу» атты терең мазмұнды фильмі бар.
«Талақ» Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңіндегі отбасылық, қоғамдық қысымды көркем бейнелесе, Ержановтың «Дала қасқыры» оның әдеттегі туындыларындай жалғыздың өмірі, қоғаммен күресі туралы баяндалады. Ал «Бауырына салу» – ұлттық салтты жаңаша пайымдап, терең философиялық ой тастайды.
Алайда осындай сәтті туындылардың тасасында кейбір фильмдер көрерменге жете алмай қалуда. Ардақ Әмірқұловтың ашаршылық нәубетін суреттеген «Жел тоқтаған жер» фильмі – соның бір мысалы. Қоғамдық жараны қозғаған туындының прокаттағы табысы небәрі 1,5 миллион теңгемен шектелген. Бұл – көркем туындының емес, оның насихаты мен дистрибуциясының әлсіздігін көрсетсе керек.
Кино мамандары мен көрермендер арасында «Талақ» қызу талқыланған тұста, «Жел тоқтаған жер» секілді тарихи, әлеуметтік маңызы зор фильмдер де сондай деңгейде пікірталасқа арқау болуы тиіс еді.
Сондай-ақ өмірден өткен ұлы тұлғаларға арналған биографиялық драмалар – Жандос Құсайыновтың «Жамбыл. Жаңа дәуір», Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Қаныш», Дастан Атығаевтың «Соңғы үкім» сынды туындылар да тарихи-тақырыптық маңызына қарамастан, былтырғы Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі сияқты кең аудиторияға жол тарта алмады. Мамандар мұның себебі – кейде жарнама, кейде шығармашылық тұрғыдағы шешімдердің әлсіздігінен деген пікір айтады.
Фархат Шәріповтың «А-Студио» жайлы «Тоқта, түн» (Махаббат сарбазы) атты мюзиклі де кезінде жұрт жүрегін жаулаған Айдын Сахаманның «Дос Мұқасан» фильмі секілді табысқа жете алмады.
Бүгінде әлеуметтік желіде танымал блогер, актер, продюсер, режиссерлер өз өнімдерін оңай өткізіп, көрерменге тез жол табуда. Ал фестиваль сахнасынан көрініп жүрген авторлық кино туындылары терең ойға құрылғанымен, оларға насихат жетіспейді. Соның нәтижесінде көрерменге жетпей, назардан тыс қалып жатады. Саны бар, сапасы жоқ туындылар көбейіп, киноның тәрбиелік мәні көмескі тартып барады. Бұған кім кінәлі, не себеп?
Америкалық ақын Чарльз Буковскийдің: «Экраннан сапасыз көріністі көру – үйреншікті дүниеге айналды. Адамдар түкке тұрғысыз, еш пайдасыз нәрсені көріп жүргенін сезбейтін болды» деген сөзі бүгінгі қазақ көрерменінің хәліне дәл келетіндей. Қазіргі отандық киноларды көріп отырып, сүйсінуден бұрын, күйініп отыратынымыз шындық. «Қап, әттеген-ай!» деп өкінесің, себебі көп жағдайда коммерциялық бағытта шығып жатқан фильмдерде былапыт сөз, шұбарланған тіл басым, ең бастысы – ұлттық рух жоқ.
Танымал режиссер Ермек Тұрсынов: «Әнші де, әзілкеш те бүгінгі қазақ киносының болашағына балта шауып жүр. Тек жалқау ғана кино түсірмейтін болды. Бұл – кино емес, бұл – жай ғана мазақ» деп ашына айтқан еді. Шыныменен бүгінде режиссер көп, бірақ шынайы шығармашылық иелерін тану қиындап кетті. Бұрын Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтар секілді тұлғалар қазақ киносының тұтқасы болса, ал қазір көрермен кімге сенерін білмей дал.
Киноның тағылымдық мәні жайына қалып, әзілге құрылған, мән-мағынасы жоқ туындылар көбейді. Әсіресе шоумендердің кино түсіруге бет бұруы жағдайды одан әрі ушықтырды. Диалогтары түсініксіз, мәдениетімізден мақұрым қалған мұндай фильмдер көрген сәтте ғана күлкі сыйлайды да, кейін естен шығып кетеді. Дегенмен дәл осындай жеңіл-желпі киноларға сұраныс жоғары болып тұр. Кинотеатрлар алдында ұзын-сонар кезек.
Тәуелсіз ел ретінде кино түсіруге мүмкіндік мол. Соны ұтымды пайдаланып, ұлттық болмысымызды насихаттауға күш салсақ игі. Салмақты оймен санаға қозғау салып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге мұрындық болып, салт-дәстүрімізді жаңғырту – бүгінгі қазақ киносының басты міндетіне айналса ғой, шіркін!..
Риза Тұрдақынқызы, медиасыншы:
Дана Әмірбекова, кинотанушы:
Анар Тұрлыбекова, ардагер: