Атырау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрады
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті. Өңір басшысының айтуынша, Атырау облысы республика бойынша инвестиция тартудан көш бастап тұр.
Жыл басынан бері Атырауда жалпы құны 46,1 миллиардтан асатын 8 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 24,2 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба жұмысын басталады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің батысындағы мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіретін «Силллено» зауыты мен жылына 1 млрд. текше метр газ өндіретін Ескенедегі зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жылдары бутадиен, синтетикалық каучук шығаратын «Бутадиен» зауытының және газ бөлу кешенінің құрылысы басталады деп күтілуде.
«Бизнестің жол картасы – 2025»: Атырау облысында 1000-ға жуық кәсіпкердің жобасы қолдау тапты
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 41,6 млрд. теңге құрайтын 1000-ға жуық шағын және орта бизнес субъекті қолдау тапты. Оның ішінде несие сомасы 31,4 млрд. теңге құрайтын 634 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, 318 кәсіпкердің жобасы 10,2 млрд. теңгеге кепілдендірілді.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аймақтағы шағын және орта бизнес иелерінің тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Биыл оған облыстық бюджеттен 761 миллион теңге бөлініп, 83 жоба іске асып жатыр.
Келер жылы жалпы құны 26,2 миллиард теңгені құрайтын 4 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның аясында тағы да 187 жұмыс орны құрылады.
Биыл Атырау облысында 22 мыңғы жуық тұрақты жұмыс орны ашылды
Өңірде 49 мыңнан аса азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 31 374 жұмыс орны ашылды. Оның 22 мыңға жуығы– тұрақты. 1637 азамат «Бастау-бизнес» жобасы аясында оқытылып, 822 отбасы әлеуметтік көмек алды. 291 облыс тұрғынына жалпы сомасы 428,1 млн. теңге қайтарымсыз грант берілді.
«Жайлы мектеп»: Атырау облысында 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр
Оның алтауы келер жылы, үшеуі 2026 жылға қарай пайдалануға беріледі.
Биыл өңірде 1200 және 300 орындық екі жайлы мектеп ашылды. Жыл аяғына дейін Водников ауылындағы 1200 орындық тағы бір жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Қазір облыста 20 мектеп пен 6 балабақша салынып жатыр.
Атырауда дәрігерлерді қолдауға арналған кешенді іс- шаралардың нәтижесінде 140 маман жұмыс істеуде
Бір реттік үстемақы беру арқылы өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдарғаа 140 дәрігер тартылды.
Биыл денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлінді. Медициналық ұйымдарға 45 жаңа санитарлық көлік сатып алынды.
Атырау облысында бір жылда спорттық секциямен қамтылған бала саны 75,7%-ға артты
Аймақта балаларды спортқа баулу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 17 спорттық секциямен 22 мыңнан астам бала шұғылданады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 75,7%-ға өсті.
-
Дені сау ұрпақ қалыптастыру және балалардың спортта айтарлықтай жетістікке жетуіне жағдай жасау үшін спорттық нысандардың санын арттырып жатырмыз. Жыл басынан бері аймақта 5 спорттық нысан ашылды. Қазіргі уақытта 14 нысанның құрылысы жүруде. Өңірде спортпен шұғылданатын бала саны 20 358-ге жеткен. Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын сақтануға тырыс жүргендері қуантады, -деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар Серік Шәпкенов 2025 жылы саланы цифрландыру жұмысы басталатыны туралы айтты. Бұл бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалауға, кәсіби спортшылар мен спорт саласы қызметкерлерінің деректерін жинауға, спортшыларды іріктеу процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстан бөлек келер жылы 12 мың адамға арналған стадионның және ұлттық спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жалпы аталған жобалар спорт саласының дамуына серпін беріп, өңірдегі жас спортшылардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасайды.
Атырау облысында ауыз сумен қамту және су бұру жүйесін жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр
Жалпы өңір халқының 99,8%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Қызылқоға ауданының Қоңыраулы, Аққора ауылы мен Махамбет ауданының Бала Ораз елді мекеніне 18,9 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен қатар Махамбет ауданына қарасты Атамбаев, Көздіқара, Есмахан елді мекендеріне жалпы ұзындығы 61,7 км болатын су құбырын тарту жұмыстары аяқталып келеді. Қос жобаның нәтижесінде 600 адам таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту станциясы жаңғыртылып жатыр.
Сондай-ақ Атырауда 1945 жылдан бері жөнделмеген кәріз сорғы станцияларын жаңғырту,күрделі жөндеу жұмысын басталған. 9 кәріз сорғы станциясы жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін бесеуіндегі жұмыс аяқталады. Оған қоса 36 станцияны реконструкциялау үшін жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал Құлсары қаласында 14 кәріз сорғы станциясы күрделі жөндеуден өтті. Исатай ауданы Аққыстау ауылында кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы жүрде.
Атырау облысында инвестициялық жоба аясында 742 шақырым электр желісі жөнделді
Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері ЭЧ-4 мекемесіне қарасты 160,9 шақырым электр желісі ауыстырылып, нәтижесінде 54 000 адам тұрақты электр энергиясымен қамтылды. «Атырау Жарық» АҚ инвестициялық жобасы аясында 742 шақырым желі жөнделді. Сондай-ақ қалада ықшам аудандардағы жарықтың жиі сөну мәселесі жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен шешілуде.
Жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын жерасты кабелін ауыстыру жоспарланып отыр. Қазір 20 шақырым жерасты кабелі жаңасына ауыстырылған.
Жоба аясында жыл соңына дейін «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Водников» ықшам ауданы және Берқайыр Аманшин, Бақтыкерей Құлманов көшесі мен Қаныш Сәтпаев даңғылындағы электр желісі ауыстырылады.
Биыл экологиялық талаптарды бұзған мекемелерге барлығы 32 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды
Биыл облыстық экология департаменті өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау үшін 27 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 149 әкімшілік іс қозғады.
Атырау облысындағы бөгеттер мен арналарды күтіп ұстау үшін «Табиғат» мекемесі құрылды.
Облыс аумағында салынған бөгеттер, арналар және басқа да гидрологиялық нысандарды күтіп ұстаумен «Табиғат» мекемесі айналысады.
Жылыой ауданында Құлсары қаласын, Шоқпартоғай, Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдарын қорғайтын бөгеттер салынады.Ұзындығы 6,6 шақырым болатын Күржем арнасын, Қамыскөл мен басқа көлдерді тазалау жоспарланып отыр. Оған қосымша арналардағы су өткізетін құрылғылар қайта жаңғыртылады.
Өңір басшысы Серік Шәпкенов өз сөзінде жаңа жылдан бастап тасқынға қарсы күрес шараларын ұйымдастыратын облыстық жедел штаб жұмысын қайта бастайтынын атап өтті.