Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасы Президентінің елімізге алғашқы сапарын тарихи сәт ретінде атап өтіп, оның Астанаға үлкен делегациямен келуін қазақ халқына көрсеткен зор құрмет деп бағалады.
Мемлекет басшысы бүгінгі уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар өзара тиімді ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар серіктестіктің қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты күн тәртібінің басым бағыты болуы керек. Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып, екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы аса маңызды шикізат материалдары саласындағы КДР-дың әлеуетіне жоғары баға беріп, бұл елдің бірегей табиғи ресурстары жаһандық жеткізу тізбегінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Әлемдегі кобальт өндірісінің 76 пайызы, мыстың 14 пайызы, қалайының 8,3 пайызы, танталдың 42 пайызы, колтанның 40 пайызы Конго Демократиялық Республикасына тиесілі. Сонымен қатар жоғары технологиялық салаларға қажетті басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар.
Президент Конго басшылығының қолдауымен қазақстандық ERG компаниясы аталған елде табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
Феликс Чисекеди Конгоның өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Феликс Чисекедидің айтуынша, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту және бейбітшілікті сақтау үшін дәйекті диалогты ілгерілету арқылы қауіпсіздік пен дамудың өте маңызды екенін көрсетті. Бұл – әлем жұртшылығына үлгі.
Келіссөз барысында екіжақты сауданы дамыту, көлік-логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Бұдан бөлек дипломатиялық консультацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.