Құжатқа Еуропа Кеңесіне мүше 12 елдің ұлттық парламенттерінен 21 өкіл қол қойды. Бастаманы ПАСЕ-нің бес саяси тобының барлығы — біріктірілген еуропалық солшылдар, социалистер мен демократтар, христиан демократтар, либералдар және еуропалық консерваторлар — қолдады. Қол қоюшылардың қатарында Испания, Австрия, Швеция, Түркия, Венгрия және басқа елдердің депутаттары бар.
Арасында ПАСЕ-дегі Испания өкілі Лаура Кастельдің пікірі ерекше атап өтілді. Ол бұл бастамаға оң баға беріп, оны алғаш рет Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында ұсынғанын еске салды.
«Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі Өңірлік орталығын құру – көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы. Бұл орталық тұрақты дамуды үйлестірудің негізгі алаңына айналады, әсіресе Ауғанстандағы күрделі ахуал жағдайында. Гендерлік теңдікке басымдық берілуі – әйелдердің құқықтары шектелген Ауғанстан үшін өзекті. Президент Тоқаевтың 74-сессияда айтқан бастамасы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетті. Мұндай хаб – символ емес, нақты көмек құралы. Ол білім беру мен экономикалық бағдарламаларға серпін беріп, серіктестер арасында тәжірибе мен ресурстар алмасуға жол ашады. Еуропа Кеңесінің қолдауы қосымша қаржыландыру мен саяси сүйемелдеуге мүмкіндік береді», — делінген оның мәлімдемесінде.
Декларация мәтінінде Тоқаев бастамасының Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауы аясында дер кезінде көтерілгені атап өтілді. Депутаттар сонымен қатар 2027 жылға дейін Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан университеттерінде 100-ден астам ауған әйелінің академиялық және кәсіби білім алуы көзделген білім беру бағдарламасына ерекше тоқталды.
Құжатта Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттер Қазақстанның гуманитарлық бастамаларын қолдауға және Алматыда құрылатын болашақ орталықпен бірлескен жұмысқа белсене қатысуға шақырылады. Мұнда тек қаржылық қолдау ғана емес, сараптамалық және үйлестіру салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық әріптестік мәселесі қозғалады.
Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ұсынған бастама халықаралық деңгейде қайтадан қолдау тауып, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен әйелдердің құқықтарын ілгерілету бойынша нақты іс-қимыл тетігіне айналып келеді.