Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президентіне бірқатар тапсырма берді
- 13.10.2023, 10:54,
- 307
- 0
- Автор:
Turan Times
Автор фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдап, кездесу барысында мемлекеттік тілді нығайту ісіндегі өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Turantimes.kz
Тоқаев ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық берген жөн. Оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударды. Оған қоса ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті.
Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде мәдени, гуманитарлық сипаттағы ұйымдар эндаумент қорлар арқылы жұмыс істейтінін атап өтіп, Қоғам қызметін одан әрі жандандыру үшін осы тәжірибені енгізуді ұсынды және оған өз атынан үлес қосатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қордың бастамасымен жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспары жайында мәлімет берді.