Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдап 77,18% немесе 6,1 миллионнан астам адам дауыс берді. Қарсы – 18,66% немесе 1,4 миллионнан астам сайлаушы. Дауыс берушілердің 68,05 пайызы қатысты.


2022 жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясында Нұрлан Әбдіровтің төрағалық етуімен республикалық референдумның қорытындысы бойынша ҚР ОРК отырысы өтті.


Отырысқа Бас прокуратураның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференция байланысы режимінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының мүшелері қатысты.



Нұрлан Әбдіров «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21, 31-баптарында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жалпы республика бойынша референдумның қорытындыларын шығаратынын, бұл туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарына беруді қамтамасыз ететінін хабарлады.


Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссиялары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде референдумның нәтижелерін шығарды.


Референдумның барлық аумақтық комиссиялары дауыстарды санағаннан кейін екі күн ішінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың түпнұсқаларын Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына жеткізді.



Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ұсынған хаттамалар негізінде бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындыларын анықтады.


Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 миллион 734 мың 642 адамды құрады.


2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 млн. 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,05% қатысты.


Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өтті деп есептеледі.


Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.



Елдің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап, дауыс берді.


Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрады.


Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны 18,66 пайызды немесе дауыс беруге қатысқандардың 1 миллион 490 мың 470 адамын құрады.


Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Негізгі Заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептеледі.


Референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді.


Референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшіне енеді.



Референдумның қорытындыларын шығару кезіндегі басқа да мәселелерге қатысты:


Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58% немесе 125 мың 859 бюллетеньді құрады.


Өзге бюллетеньдер, яғни белгіленбеген үлгідегі не дауыс берушілердің ерік білдіруін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады. Мұндай бюллетеньдердің саны 2,58% немесе 205 мың 924 бюллетеньді құрады.


Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы қорытынды шығару кезінде Алматы қаласы аумақтық комиссиясының өтінішін назарға алды.


Аумақтық комиссия ұсынған материалдардың негізінде, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21, 31-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы әкімшілік-аумақтық бірліктің жекелеген учаскесінде референдум өткізуді жарамсыз деп таниды.


Осыған байланысты Алматы қаласының №2 учаскесіндегі дауыс беру нәтижелері референдумның түпкілікті қорытындыларына енгізілмеді.