Оның айтуынша, бұл чип. Роликке пікір жазған пайдаланушылар бұл жапсырманың көмегімен аяқ киім иесін бақылауға болады дейді. Бұл не қылған жапсырма және ол не үшін қажет? Мұны stopfake.kz зерделеп көрді. Шындығында, видеодағы адам тапқан нәрсе – ұрлыққа қарсы радиожиілік жапсырмасы. Оның пішіні мен көлемі әртүрлі болады. Жапсырмалар өнімді ұрылардан қорғау үшін қажет. Оны киімге, аяқ киімге, кеңсе тауарларына және басқа да өнімдерге жабыстырады. Дүкендердің көбі осы мақсатта биркаларды, белгілерді пайдаланады.
Ұрлыққа қарсы жапсырманы бүлдірмей алып тастау мүмкін емес. Кассада өнім үшін төлем жасаған кезде сатушы жапсырманың магнитін арнайы деактиватормен өшіреді. Оның бір рет қана қолданылатынын атап өткен жөн. Магнитін алып тастау адамға ешқандай зиян келтірмейді.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда аяқ киімді таңбалау басталды. QR кодқа өндіруші туралы ақпарат, шығарған мемлекет, сериялық нөмірі және т. б. енгізіледі. Таңбалау тұтынушыларды контрафактілік және жалған тауарлардан қорғау үшін қажет.
Демек, ұрлыққа қарсы жапсырмалар өндірушілер мен сатушыларға қылмыскерлерден қорғану үшін керек. Жапсырма басқа ешқандай қызмет атқармайды және аяқ киім иесін бақыламайды.